Су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының жүзден астам тұрғыны Бейнеу ауданына келді. Олар жақын туыстарына орналастырылды. Ал баратын жері жоқ адамдар үшін уақытша орналастыру орны дайындалған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте аудан әкімі Рахымжан Шалбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Атырау облысының Жылыой ауданының тұрғындары Бейнеу ауданына қоныс аудара бастады. Қазіргі уақытта Құлсарыдан жүзден астам адам келді. Олар туыстарына орналастырылды. Біз өз кезегінде ұйықтайтын орындар мен тамақ дайындадық. Тек ресми ақпарат көздеріне сенуді және қауесет таратпауды сұраймыз. Барлық қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз, - деді Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев.
Бұған дейін Маңғыстау облысында су басу қаупі жоқ екені хабарланған болатын.
Ақпараттық қолдау және көмек көрсету үшін тәулік бойы "жедел желі" телефондары жұмыс істейді: 701-707 және 701-708. Бейнеу ауданы бойынша: 8(72932) 2-20-41; 8(72932) 2-54-23.
4 сәуірден бастап Доссор кентінен Құлсары кентіне дейінгі 4-тен 119 шақырымға дейінгі автожол учаскесі жабылды. Қозғалысты шектеу көліктің барлық түрлеріне қолданылады.
Маңғыстау тұрғындарынан Ақтау-Атырау бағытында жолға шықпау сұралады.