Маңғыстау өзен мен көлдің болмауына байланысты су басу қаупі жоқ. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Данияр Елшібаев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Атырау облысының «Құлсары – Доссор» бағытындағы республикалық маңызға ие тас жолдың 210-220 шақырымындағы бөлігін судың шайып кетуіне байланысты, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Боранқұл ауылында республикалық маңыздағы тас жолы 2024 жылғы 04 сәуір күні сағат 16:00-ден бастап жабылып, Маңғыстау облысының Полиция департаменті тарапынан 3 жеке құрам, 1 бірлік техниканың көмегімен бекет қойылды,-деді Данияр Елшібаев.
Маңғыстау облысын су басу қаупі аз болғанмен, мамандар су тасқынына толықтай дайын екенін жеткізді.
Су тасқыны кезеңінде Ақтау, Жаңаөзен және Мұнайлы, Түпқараған, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау аудандарында эвакуацияланатын халықты Ақтауға уақытша орналастыру үшін 200-ден астам пункт дайындалды. ( Толық тізімі төменде).
Тұрғындар су тасқыны бойынша 70 17 07, 70 17 08 нөміріне ТЖД жедел желісіне хабарласа алады.
Сонымен қатар спикер көршілес облыстардағы жағдайға байланысты Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жолданғанын айтты. Яғни, Ақтөбе облысына 25 наурыз күні 52 адам ал Батыс Қазақстан облысына 28 наурыз күні 46 адам жіберілді.