Ақтау қаласында 400-ден астам сотталған адам есепте тұр, оның ішінде 16-сы жұмыссыз. Олар жұмыс беруші мекеме өкілдерімен сөйлесіп, түйіндемелерін тапсырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Ақтау қалалық пробация қызметі бөлімінде есепте тұрған тұлғалар бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне қатысты. Пробация қызметі, қалалық прокуратура мен мансап орталығының ұйымдастыруымен сотталғандар арасында жұмыссыздықты жою мақсатында онға жуық жұмыс беруші мекемелер өздеріне қажетті мамандықтарды ұсынды.
Сондай-ақ, облыс аумағында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. 26-28 сәуір күндері өткен іс-шара барысында пробация қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірге есепте тұрған тұлғалар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мақсат – олардың қайта қылмыс жасауын болдырмау, есепте тұрған тұлғалардың үйлерінен тыс аумақта болмауын қадағалау.