Жас сарбаздарды “Батыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты 25744 әскери бөлімінің жеке құрамы қарсы алды. Казармаға орналасқаннан кейін олар бригаданың негізгі нысандарымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Ақтау гарнизоны әскери полиция бөлімінің өкілі, бөлімнің анықтау және іздестіру бөлімінің бастығы Болатбек Мусин срабаздармен әңгімелесті. Жеке құрамға міндетті әскери қызмет өткеру тәртібі мен ережелерін реттейтін заңнама туралы айтылды.
– Әрбір азамат өз Отанының алдындағы конституциялық борышын өтеуі керек. Теңіз жаяу әскері бригадасына қызмет етуге келгенімді мақтан тұтамын. Абыроймен қызмет етемін деп уәде беремін, - дейді Атырау қаласынан келген Бейбарыс Елешев.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде теңіз жаяу әскерлерінің бригадасына Қазақстанның әр өңірінен барлығы 700-ге жуық шақырылушы келді. Бір айдың ішінде олардың барлығы жас жауынгерлер деп аталатын курстан өтеді. Бұл курста бригаданың офицерлері мен сержанттары сарбаздарға әскери қызметтің қыр-сырын үйретеді, одан кейін сарбаздар әскери ант береді.