Өзбекстан азаматтарынан ерекше иісі бар өсімдік тектес заттар табылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.
22 қарашада «Тәжен» кеден бекетінде (Бейнеу ауданы, Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы) іздеу итінің көмегімен бірлесіп бақылау жүргізу кезінде Орынбор – Күшкөпір бағытына жолға шыққан Өзбекстан Республикасының азаматынан 2 грамм ерекше иісі бар өсімдік заты анықталды. Оқиға сағат 01:45-те болған. Жолаушы 1991 жылы туған.
Сонымен қатар 1978 жылы туған тағы Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды.
- Сағат 03:50-де Ақтау-Шават бағытымен келе жатқан өзбек азаматынан жалпы салмағы 5 грамм шамасында ерекше иісі бар өсімдік заты анықталды, - дейді Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Айтуынша, бірінші жағдайда өсімдік заты оң аяқтың аймағында, екіншісінде күртешенің ішкі қалтасында табылды. Аталған фактілер бойынша одан әрі жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.