Ақтаудағы 5-шағынаудан 20-үйдің тұрғындары қыстыгүні ауыз сусыз отыр. Оған басты себеп – су қысымы төмен болғадықтан, жоғары қабаттарға көтерілмейді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Маңғыстау» арнасына сілтеме жасап.
Мариям Байжанова осы үйдің 10-қабатында 2007 жылдан бері өмір сүреді.
«Біз сыздықтап келген суды түнімен жинап отырамыз. Ауыз су жоғары қабаттарға ешуақытта көтерілген емес. Су қысымы тек үшінші қабатқа дейін жетеді. Біздің мәселеміз - тиісті орган су қысымын көтеру үшін арнайы сорғы орнатып берсін»,-дейді Мариям Байжанова.
«Бұл үйде сорғы жоқ, Біз 22 және20-үйлерге сорғы орнату жөнінде қала әкімдігіне және «КЖСА» мекемесіне бірнеше мәрте хат жолдадық. Жауап берілді. Онда сорғы орнату 2022-23 жылдың жоспарына енгізілгендігі туралы жазылған»,-дейлі «Шанс» пәтер иелері кооперативінің басшысы Татьяна Вежновец.
5 шағынаудан 20-үйдің тағы бір мәселесі жаңбыр суы шатырдан өтіп, подьезд сиықсыз күйде тұр. Тұрғындардың мәлімдеуінше, тұрғын үй қабырғалары жарылып, апатты жағдайда тұр.
«Тұрғындар «Тибетстрой» мекемесімен келісімшартқа отырған еді. Олар алдымен ең жоғарғы қабатқа мансард салды. Кейін жердің өзге біреуге сатылып кеткендігі анықталды. Қатты жел салдарынан шатырлар ұшып, төтенше жағдайлар қызметі қалған бөлігін алып тастады. Келісімшарт бойынша «Тибетстрой» қуат көздеріне күрделі жөндеу жүргізуі, екі жеделсатыны алмастыруы тиіс болатын. Олар тек ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді»,-дейді Татьяна Вежновец.
Тұрғындар жағдай ушықпай тұрғанда, мәселеге қатысты қала әкімдігі тарапынан тез арада нақты іс-шаралар қабылданса екен деген тілегін білдірді.