Нұрайна Тұрғанбаева - Маңғыстаудың Түркіменстанмен шекаралас орналасқан Болашақ станциясының теміржолшысы, машинистің жары, сонымен бірге қолынан келмейтіні жоқ шебер, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Баяғыдан келе жатқан салт-дәстүрімізді сақтап, әже-апаларымыздың ізімен төрт түліктің ағарғанынан неше түрлі дәмдіні дайындауды да, қазіргі заман ағымына ілесе жаңа қөлөнер түрлерін меңгеруді де қатар алып жүре білген ару.
Нұрайна- Болашақ станциясында тауар кассирі. Жолдасы Азамат Тутебаевпен бірге станция ашылған кезі болашағын Болашақтан іздеп барған жас отбасылардан. Станцияда он жылдан астам тұрып, еңбек етеді. Өзі соңғы екі жылда теміржолшылар қатарына қосылса, күйеуі Маңғыстау магистральды желі бөлімшесінің Маңғыстау жол дистанциясына қарасты АГД-438 дризина машинисі. Дистанция жұмысшыларын Болашақтан Тайғырға дейінгі аралықта тасымалдайды. Оған қоса екеуі бірлесе ата кәсіп, мал шаруашылығын да дөңгелетіп отыр.
Түйе мен ірі қара, ұсақ жандық пен тауық бағып, ауыл халқына неше түрлі таза, табиғи өнімдер ұсынады. Кейіпкеріміз бос кезінде отағасына мал шаруашылығына қолғабыс етіп, сүтін сауып, оны әрі қарай қатық, қаймақ, құрт, шұбат, ірімшік, балқаймақ, май сияқты сүт тағамдарына айналдырады. Өздері отырған ауылдың адамдарына сатып, ауысқанын қала халқына ұсынып, жергілікті жұртты пайдалы ас-тағамдарымызбен қамтиды.
Оған қоса өзінің сүйікті хоббиі – резин арт техникасымен смоладан неше түрлі бұйым жасайды. Жәй ғана қызығушылық ретінде үйренген бұл өнері бүгінде сұранысы мол кәсіпке айналған.
- "Балалық шақтан сурет салуға, ұсақ-түйек нәрселерден түрлі бұйым жасауға қызығатынмын. Коронавирус карантині кезінде резин арт техникасымен эпоксидті смоладан түрлі туынды жасауды әлеуметтік желіден көріп, неге істемеске деген ой болды. Ізденіп, үйрендім. Алғашында ол туралы көпшілік біле бермейтін. Енді сұраныс көп. Өздеріне және сыйлыққа тапсырыс береді. Көрген адамдар қызығушылық танытып, істеп беруімді өтінеді. Үйретуді сұрайды. Сондықтан жұмыстан босаған кезі арасында қалада шеберлік сыныбын да өткіземін. Осы кәсіптен ақша тауып, бизнес ашуды ойласам бос уақытымды көбірек арнауға болатын еді. Бірақ мен тек өнер ретінде ғана қараймын. Шығармашылық шабыт келіп, күнделікті күйбең тірліктен демалғым келгенде өзіме ұнайтын заттарды жасап қоямын. Осыған дейін сағат, Құран сүрелері жазылған картинкалар, басқа да неше түрлі сувенирлер қолымнан шыққан. Олардың әрқайсысы ерекше.Толық дайындап болып, әдемілігін көргенде өзгеше рахат аласың. Сатып алушылардың алғысы енді бір бөлек.Қазір бұл сала біздің елімізде жақсы дамып жатыр. Мен алғашқы келген жылдары үйренген болатынмын. Бұған дейін біраз нәрсені қолдан шығарып, тәжірибе жинақтадым. Алдағы уақытта резинарт студиясын ашамын деген арман бар", -дейді өнерлі теміржолшы келіншек.
Кейіпкеріміздің Болашақ станциясында тауар кассирі болып жүргеніне екі жыл. Есеп-қисап бағытында білім алып, станциядағы өзге өндірістік мекемеде біраз жыл тәжірибе жинақтаған оған теміржолдағы бұл мамандықты меңгеру де қиындық туғызбапты.
Күнделікті міндеті құжаттар және ақшамен байланысты болғандықтан бірден иіріп алып кетеді. Жұмыстан тыс кезі абысын-ажындарымен бас қосып, ата-ененің үйіне баруды да ұмытпаған. Бір шаңырақтың бес келінінің бірі болғандықтан үлкен әулеттің қонақ келім-кетімі келіндерсіз өтпейді.
-18 жаста тұрмыс құрып, Жаңаөзен қаласының аржағындағы шағын Аққұдық ауылына үшінші келін болып түстім. Үш келін бір шаңырақта тұрып, ата-енеге екі жылдай қызмет еттім. Өзіміз жастай анамыздан айрылғасын бұрыннан да ширақ болып өскенмін.Келін болып түскен үйімдегілер мал шаруашылығымен айналысатын.
Сондықтан ауыл келінінің үйдегі бар тірлігін істеп, екі жылдық ене мектебінен соң тағы да ширай түстім. Әйелдің қырық жаны бар демекші, ниет болса бәріне үлгереді екенсің. Артымыздан қайнымыз үйленгесін сыбағамызды алып,бөлек шықтық. Қайын аға, абысыным мен біз екі отбасы Болашақ станциясына көштік. Олар екеуі де теміржолшы. Жұмысқа орналасып, мұнда тегін баспанамызды алдық. Бүгінде жан-жағы кең Болашақта шаруашылығымызды да дамытып, жұмысымызды істеп, ауылдағы теміржолшы отбасыларының бірі болып тұрып жатқан жайымыз бар, - дейді Нұрайна.