Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасы тауарды сату кезінде сатушы сатып алушыға түбіртек беруге міндетті екенін хабарлайды. Бірақ көбінесе сатушы қызметкер бұл жауапкершілікті елемейді. Бұл жағдайда айыппұл жұмыс беруші компанияға салынады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
“Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау–касса машиналары арқылы мiндеттi түрде жүргiзiледi.
Егер сатушы ұмытшақтық, немқұрайлылық немесе түбіртекті әдейі бермеу үшін кассаны мүлде баспаса, компания ҚР ӘҚБтК 284–бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Мәселен, бірінші бұзушылық үшін тек ескерту беріледі”, деп жазылған хабарламада.
Егер бұзушылық ескерту жасалғаннан кейін бір жыл ішінде қайта анықталса, айыппұл төлеуге тура келеді (ҚР ӘҚБтК 284–бабының 2–тармағы):
– жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК;
– орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК;
– ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК.
Тағы бір танымал бұзушылық: БКМ не тауар түбіртегін бермеу, БКМ немесе тауар түбіртегін төленген сомадан көп не аз беру. Мұнда да бірінші бұзушылық кезінде ескерту, ал қайталағаны үшін айыппұл салынады.
Айыппұл (ҚР ӘҚБтК 284–бабының 4–тармағы):
– жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК;
– орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК;
– ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК.
Бұл ретте айыппұлды қызметкер–сатушының өзі емес, жұмыс беруші төлеуі тиіс, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер департаменті.