«eGov mobile» және «eGov Business» мобильді қосымшаларында салық және кеден салаларындағы 15 мемлекеттік қызмет түрін алуға болады. Бұдан басқа, мемлекеттік қызметтер мен электронды сервистер «e-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» мобильді қосымшаларында қолжетімді. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік қызметтерді дамыту және сапасын бақылау бөлімінің басшысы Сәнжан Дүйсекенова мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
- Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде 2023 жылы 1 милионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде қағаз жеткізгіште 1286 немесе 0,1%; электрондық түрде 1077049 немесе 99,9%. Электрондық форматқа көшкен 39 мемлекеттік қызметтің 15-і «eGov mobile» және «eGov Business» мобильді қосымшаларында қолжетімді. Олар дара кәсіпкердің мәртебесін тексеру, салық есептілігін қарау және салықтарды төлеу, дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарлама және басқалар. Сонымен қатар, жалпыға бірдей декларациялаудың шеңберінде «eGov mobile» - да тиісті декларацияны ұсыну қызметі іске қосылды, - деді Сәнжан Дүйсекенова.
Сонымен қатар, салық төлеушілердің салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету үшін 11 сервистік және 2 мемлекеттік қызмет көрсететін «e-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» арнайы мобильді қосымшалары бар. Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін «Homebank» және «Kaspi.kz» қосымшыларында 910.00 нысаны бойынша салық есептілігін ұсыну, сондай-ақ дара кәсіпкерді тіркеу, дара кәсіпкердің деректемелерін өзгерту, салықтар бойынша борыштар, көлік және мүлік салығы, дара кәсіпкер үшін төлемдер және т. б. сияқты сервистер қосылған.
Бұдан басқа, «бюджетпен, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысулардың жай-күйі туралы дербес шоттан үзінді көшірмелер беру» және «Мемлекеттік кірістер органдарында есепке алу жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ұсыну»қызметтері, сондай-ақ кейбір сервистер Smart Bridge-ге және kgd.gov.kz Мемлекеттік кірістер комитетінің порталына шығарылды.
Мемлекеттік кірістер органдары жеке және заңды тұлғаларға 43 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді, оның 26-сы салықтық және 17-сі кедендік бағыттағы қызметтер. Бүгінгі таңда 43 мемлекеттік қызметтің 39-ы (немесе 91%) электрондық форматқа ауыстырылды.