Маңғыстау облысынан жобаға барлығы 807 өтінім түскен, олардың 177 тестілеу сынақтарына жіберілді. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу, ситуациялық тапсырмалары шешу, ассесмент-орталық, құзыреттілік бойынша сұхбат, комиссия мүшелерімен әңгімелесу, Ұлттық комиссияның отырысы кезеңдерінен сәтті өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне Маңғыстау облысынан Алия Уралова енді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Оның таңдаған бағыты – экономикалық және қаржылық саясат.
Уралова Алия Шынтасовна – 1988 жылы туған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Эссекс университетін аяқтаған.
Еңбек жолын KPMG компаниясында аудитор болып бастады. Қазіргі таңда «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ «Бектұрлы» жобасы бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары болып қызмет атқаруда.
Жобаның негізгі мақсаты мемлекеттік қызметке талантты жастарды тарту және жастар үшін әлеуметтік лифтіні жасақтау. Президенттік жастар кадр резервінің өкілдері саяси, «А» корпусы және «Б» корпусының басшылық лауазымдарына конкурссыз негізде тағайындала алады.
Айта кетейік 2023 жылдың 22 желтоқсанында Ұлттық комиссия отырысының нәтижесінде республика бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 50 үміткер іріктелген.