Ақтау қаласындағы мүгедектерге қолайлы жағдай жасау үшін қоғамдық бірлестіктер, әкімшілік, жергілікті полиция өкілдері рейдке шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Олар қаладағы жекеменшік ғимараттарға барып, мүгедектерге көліктерін қоюға берілген арнайы жерді, сол жер мүгедектердің көліктеріне тиесілі екенін айғақтайтын жол белгілерінің стандартқа сай дұрыс қойылуына баса назар аударды. Пандустар да назардан тыс қалмады. Мекеме өкілдерін шақыртып, ескерту жасап, қандай да бір заң жағынан көмек қажет болса, жәрдемдесуге дайын екенін алға тартты.
- Бұл акция әлі де жалғаса береді. Жоспарымыз стандартқа сай емес салынған ғимараттардың иелеріне айыппұл салу емес. Тұрғындарға, автокөлік иелеріне, әкімшілерге түсіндіру үшін мониторинг жүргіздік. Егер ескерту алғандар заң талабын орындамаса, жергілікті полициялар, құзырлы органдар оларды жауапқа тартуы мүмкін. Бұл қоғамдық бірлестіктер, еріктілер, блогерлермен жұмылып, көпшілік болып істейтін, қаражат қажет етпейтін, тек сенім менен ерік-жігер талап ететін жоба, - дейді «Про Диалог» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Сәтбаев.