Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелерге, пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігіне тексеріс аша алады. Тексеріс тұрғындар арызының негізінде жасалады. Бұл туралы Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының мамандары мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы қызмет көрсетуші мекемелерді тексеру парағындағы бірқатар критерий бойынша тексере алады.
Біріншіден, жиналыс барысында хаттамалық шешіммен мақұлданған қызмет көрсетуші субъектілерімен мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік арасында шарт болуы тиіс. Қызмет көрсетуші мекемелерде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар көрсетілген жылдық сметасы болуы қажет.
Тексеру парағына сәйкес екінші деңгейдегі банкте кондоминиум объектісінің жинақ, ағымдағы шотының және тұрғын үйді басқару жөніндегі ай сайынғы және жылдық есепті ұсынуын растайтын құжаттар болуы керек. Жертөледегі үй жайларда, паркингтерде және басқа да ортақ пайдаланатын орындарды дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша жұмыстарды орындауын растайтын құжаттардың болуы да тексеріледі. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінде ақаудың болуы және тексерілетін субъектінің нормативтік құқықтық актілерінде, жарғыларында айқындалған МИБ төрағасы, үй кеңесі және тексеру комиссиясы өкілеттік мерзімдерін сақтауы қажет, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының маманы Айдар Ыбырай.
Мамандардың айтуынша, хаттамалық шешімде белгіленген жұмыстардың орындалуы және тұрғын үйдің сызбасында көрсетілген жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз ортаның, яғни пандустың болуы керек. Қалалық тұрғын үй инспекциясының тарапынан қызмет көрсетуші мекеменің кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыру үшін біліктілікті растайтын құжаты да тексеріледі.