Амал туғалы күнде қонақ, күнде көрісу. Әр қазақтың қазаны оттан түспей, балғын еттің буы бұрқырап, кең дастарханға қойылуы көңілге қуаныш ұялатады. Жыл он екі айда бір айналып келетін «Ұлыстың ұлы күнін» жергілікті ел ерекше қадірлейді. Арнайы көрісе келген қонағын екі шай, бір етсіз жібермейді. Ата салты бойынша ел аузында «Бесбармақ» аталып кеткен қазақтың ұлттық асы – асқан етсіз сыйлы қонақ күтілмейді. Өйткені, «Бір атым насыбайдан көңілі қалатын» қазақты шаймен шығарып салса, «ет аспады» деп өкпелейді. «Бір шәугім шай, бір асым ет – жиынға да кіргізеді, жиыннан да шығарады» деген бұрынғылар қонақ сыйлауды, дастархан жайып қонақ күтуді жөн-жоралғы ғана емес, адамгершілік парыз деп түсінген.
Аштықты да, тоқтықты да көрген бабалардан «Ас адамның арқауы» деген сөз қалған. Адам өміріндегі «Ас атасы – наннан» кейінгі маңызды тағам ет! Оның маңыздылығы сондай, күнделікті тұтынатын тағам рационы етсіз болмайды. Ет, оның мағызды сорпасы туралы «Ет – етке, сорпа - бетке» деген мақал ел аузында жиі айтылады және оны заманауи ғылым да растап отыр.
Фосфор мен темір көзі саналатын еттің құрамында калий натрий, цинк, йод, мыс және басқа да минералды заттар, дәрумендер жеткілікті. Қайнаған еттен сорпаға шығатын белсенді заттар ас қорыту бездерінің қызметін жандандырады. Еттің емдік қасиеті күшті. Өйткені ол амин қышқылына, белокқа, минералды заттарға, атап айтқанда темірге бай. Соны білген бабаларымыз суықтаған, тұмауратқан адамға ыссы сорпа ішкізіп, бойдағы салқынды термен шығару туралы «Жаман ауруға жасқы ас ем» деген өсиет қалдырған.
Бұған қосымша, интернеттен: «Малдың бүтін ұшасы бұлшық ет, май, сіңір және сүйек тіндерінен тұрады. Қоректігі жағынан ең құнды әрі жұмсақ бұлшық ет тіндері омыртқа, арқа, белдеме, жамбас тұстарында болады. Бұлшық ет тіндерінде орта есеппен 73-77% су, 18-21% ақуыз, 1-3% май, 1,7—2% экстрактілі азотты заттар, 0,9—1,2% экстрактілі азотсыз заттар, 0,8—1,0% минералдық тұздар, сонымен бірге Вр В2 В6 РР және т.б. витаминдер болады. Етпен бірге адам ағзасына микроэлементтер мен витаминдер түседі. Еттің құрамындағы экстрактивті заттар тағамның дәмін жақсартады, тәбет қозғайды, ас қорыту бездерінің секрециясын күшейтеді» деген нақты мәлімет алдық.
Күнделікті ас мәзірінде жұғымдылығы жөнінен етке жететін тағам түрі өте сирек. Ал қуырдақ, қазы, жал, жая т.б ұлттық тағам бренді болуға лайық жеңсік ас саналады. Еліміздің статистика мәліметіне жүгінсек, жылына әр қазақстандық шамамен 45-55 кг ет жейді екен де, жер бетіндегі етті көп жейтін халықтар тізімінде алғашқы ондықтан орын алып тұрған көрінеді.
Қазақстанды Қонаев басқарған кезде: «даланы малға толтырамыз. Қой санын 50 миллионға жеткіземіз» деген ұран тастап, жер-жерде комсомол жастар бригадасы құрылып, мектеп бітіруші түлектер шопан таяғын ұстап, ата кәсібіне оралғаны белгілі.
Тарихи дерек бойынша, КСРО Бас хатшысы Л.Брежневтің тапсырмасымен 1983 жылға дейін еліміздегі қой санын 50 миллионға жеткізу үшін республиканың түкпір-түкпірінен маманданған шаруашылық, совхоздар, фермалар құрылып, Жетісу, Шығыс аймақтардағы қой шаруашылығы жедел дамып, бір жыл ішінде (1975 жылы) еліміздегі қой саны 35 миллионнан асқанын көреміз.
Одан кейінгі 7-8 жылда қойдың басын 50 миллионға толтыру еш күмән туғызбайтын. Бірақ, барлық саланы бірдей жайлаған жаппай тоқыраудың салдары бұл межеге жеткізбеді.
Дегенмен, қазақтың дарқан даласын малға толтырсақ деген арман қазірдің өзінде кез-келген малшының көкейінде жатуы ғажап емес. Сол тұста мыңғыртып мал өсірген Маңғыстау жұрты соңғы жылдары қайталап соғып тұрған жұттың салдарынан қолдағы малдың көбінен айырылып, күнделікті бір асым етін алыстан арбалап, базардан дорбалап тасып отыр. Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия секілді даламен шектесетін, жайылымы кең аудан тұрғындары ғана мал өсіріп, етін қорасындағы жандығымен айыруы мүмкін.
Өңір тұрғындарын етпен жабдықтаушы жеке кәсіпкерлер өз күшімен жеткізген малдың етін жергілікті қасапханаларда сойып, дүкен сөрелері мен ет сатылатын пункттерге ұсынады. «Бізге ет қайдан келеді?» деген сұраққа облыстың ауылшаруашылығы басқармасы басшысы Қазбек Тәшімов: «Қазіргі таңда Маңғыстау халқын етпен жабдықтап отырған Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан өңірінің жеке кәсіпкерлері және Жаңаөзен қаласында 2023 жылдың қаңтар айында іске қосылып, ет өңдеу кәсіпорны статусын иемденген «Көркем әлем» ет комбинаты бар. Онда сойылатын мал Батыс Қазақстан және Ақтөбе өңіріндегі бордақылау алаңынан жеткізіледі» деп жауап берді.
Халықаралық тауар белгісі ретінде тіркеліп, 170-ке жуық маман еңбек ететін жергілікті кәсіпорынның басты мақсаты нарыққа жоғары сұрыпты, премиум кластағы өнім шығару, қала халқын, қала берді өңір аумағын сапалы, құнарлы, таза ет және ет өнімдерімен қамтамасыз ету. Сол мақсатпен ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС тарапынан сертификат берілген заманауи үлгідегі комбинат қабырғасында зерттеу-сараптама жұмысын жүргізетін зертхана жұмыс жасайды.
Айына 360 тонна ет, 100 тонна ет өнімін өндіруге қауқарлы ет комбинаты өткен 11 айда 1485 басқа жуық ірі қара, 1060 бас ұсақ мал сойып, халық тұтынымына ұсынған. Жаңаөзен, Ақтау қаласындағы фирмалық дүкен, дүңгіршек сөресіне балғын ет пен үлпершек, бұжы, қазы, шұжық, самса, тұшпара т.б жартылай дайын өнімнің 30-дан астам түрі, «Бірасымет» жиынтығы, бөлік қойылып отыр.
Кезінде қойны-қойнауы төрт түлікке толып, жайылса өріске сыймай, мыңғыртып Орскіге мал айдаған Маңғыстау жұрты қазіргі таңда сырттан әкелінетін етке тәуелді. Облыстық ветинспекция басшысы Темірбек Нұртазин 2023 жылы экспорт және экспорт транзит бағытында 6 737 бас мүйізді ірі қара өткізілгенін, бұл 2022 жылмен салстырғанда 5 есеге артып отырғанын, сырттан жеткізілетін ет өнімдері мен тірілей келетін мал өңірлік шекара маңында орналасқан «Ақтау-Теңізпорты», «Солтүстік Терминал» «Ақтау-Әуежай», «Болашақ», «Бейнеу т/ж», «Тәжен», «Темір-баба», «Құрық-Теңізпорты авто», Құрық-Теңізпорты т/ж» - 9 ветеринарлық бекетте бақылаудан өтетінін айтты. Ал ветеринариялық анықтама беріп, біріңғай ақпараттық жүйе тізіміне енгізуді ветеринар мамандар жүргізеді.
«Ауру - астан, дау - қарындастан» дегенді айтқан қазақ ішіп-жейтін асының адал болғанын қадағалаған. Бұл турасында өңірдегі зертханалар мен кәсіби мамандардың жетімсіздігін маманның төмендегі сөзі растайды. «Ветеринариялық шаралардың тиімділігі, зертханалық диагностиканың уақытылы және сапалы жүргізілуіне байланысты. Облыстық зертханада тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі (микробиология, токсикология, радиология, биохимия бөлімшелерімен) және жануарлар ауруларының диагностика (вирусология, бактериология, серология бөлімшелермен) бөлімі болу керек.
2019 жылдан, ғимараттың апаттық жағдайына байланысты, облыстық зертханамыз жабық. Бейнеу, Шетпе, Құрық ауылдарында аудандық 3 зертхана жұмыс жасайды және олар тек серология әдісімен қан сынамаларын тексере алады. Басқа әдістермен зерттеу үшін біз материалдарды басқа облыстарға жіберуге мәжбүрміз» дейді маман.
Маңғыстау өңірі халқының 54,8%-ы ауылда тұратынына қарамастан мұнайға арқа сүйеп, күнкөрісін жалақыдан айыратын адамдардың көпшілігі мал ұстамайды. Ауыл аты болмаса, қорасы, маңырап тұрған малы жоқ. Ал малы бар ауылдардың қолдағы жандығы ас-ауқатынан артылмайды. Жеке шаруашылығында ірі қара малы жүздеп саналатын отбасылар арасында сатылымға мал бордақылайтыны некен-саяқ. Қажет болса, жіліктеп, жақын-жуық, таныс-тамырына ақысын айлықтан өтеуге келісіп, таратып жібереді. Сөйтіп, қалалықтарға қосылып кейбір далалықтар да негізінен сатылымның етін қаужайды. Облыс орталығы Ақтау, Жаңаөзен қаласында ет өнімін сататын «Стамбул», «Ауыл еті», «Берекет», «Халал ет», «Nasr», «Korkem alem», «nagyz et», «adal et», «7bai et» дүкендері жергілікті ел сұранысын өтейді. Бұған қосымша, сенбі күндері облыс, қала, аудан орталықтарында жәрмеңке өтіп тұрады, онда жергілікті және көрші аймақтардан келген кәсіпкерлер еттің келісін 2400-2500 теңгеден (делдалсыз, үстеме бағасыз) сатады. Қарапайым халыққа бұл да болса көп көмек. Мамандардың айтуынша, ет бағасы тұрақты болуы үшін ең алдымен өнеркәсіптік өндірісті дамытып, сауда желілерін көбейту қажет, нарықты заманға лайықты ету керек екен. Кәсіпкерлер палатасының осы бағытта жұмыс істеп жатқанына күмән жоқ.
Жергілікті халықты етпен қамту мақсатымен өңірдегі 24 арнайы мал сою орны, 8 ет өңдеу кәсіпорны, 16 мал сою пункті қызмет көрсетеді. 2023 жылы мал сою орындарында барлығы 66 534 бас ауыл шаруашылығы жануарлары сойылды, облыс ішінен әкелініп сойылған үлесі 1,4 %, облыстан тыс, өзге облыстардан және шет елдерден тасымалданып, сойылған үлесі 98,6 %. 2022 жылы жергілікті кәсіпкердің 1521 бас малы, ал былтыр 951 бас малы сойылғанын ескерсек, нарықтағы жергілікті малдың үлесі азайып бара жатқанын көруге болады.
Осы жерде айта кететін бір жайт, біздің өңірде өсірілетін түліктің бірі түйе етінің облыс орталығындағы «Мағаш» (Сары базар) сауда орталығында, қаладағы жүздеген дүкендер мен дүңгіршектерде емге табылмауы. Қазір еті сұранысқа ие бола қоймағанмен, шұбаты қымбат, әрі шипалы сусын саналатын түліктің шетқақпай қалу себебі не? Түйе түлігін өсіретін шетелдіктер оның еті түгіл, тұқайына дейін пайдаға асыратынын көріп қызығып қоямыз. Өз малымыздың қызығын өзіміз көрмесек, «Түйе ұлық мал» деп, жүніне дейін аяққа баспайтын аналарымыздың өсиеті қайда қалады?
Жергілікті ел түйенің етін, сүтін ғана емес, жүнін, терісін сан жылдардан бері тұрмыста кеңінен пайдаланып келді. Сиырдың еті бос болады дейтін бұрынғы кісілер: «Тайлақтың қуырдағына не жетеді?» деп, табылса қызыл қуырдақты жас түйенің етінен қуыртатыны есімізде. Түйенің өркеш майы әсіресе, жел-құзға ем дейтіні де құлағымызда қалыпты. Ал бүгінгі жастар, тіпті жасамыстарына дейін түйенің етінен жерінеді. Ата-бабамыз көшкенде көлік, сойғанда соғым еткен «Төрт түліктің төресі» бүгінде сұранысқа ие емес» деген желеумен етін қала базарларында кездестіру қиын. «Түйе еті неге сатылмайды?» деген сұрағымызға: облыстық ауылшаруашылық басшысы Қ.Тәшімов: «Сұраныс жоқ»,-деп қысқа жауап қайырды.
Өңірдегі тұрғындар санының өсуіне байланысты мал сою көрсеткішінің өсіп келе жатқанын байқаймыз. Арнайы мамандар мәліметіне жүгінер болсақ, 2022 жылы сойылған мал саны – 62 409 бас, 2021 жылы сойылған мал саны – 41 910 бас, 2020 жылы сойылған мал саны – 33 033 бас.
Мал сою пункттері мен базарлардағы жеке мал дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатымен, 2023 жылы Жаңаөзен қаласында орналасқан «Korkem alem» ЖШС ет комбинатында және биылғы жылы Ақтау қаласындағы «Құрық Строй Сервис» ЖШС мал сою пунктінде «Республикалық ветеринариялық зертханасы» Маңғыстау облыстық филиалының мамандары мен облыстық инспекция мамандары бірлескен, облыстағы барлық мал сою пунктері мен ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханалары қызметкерлерінің қатысуымен оқыту-семинары ұйымдастырылып, өткізілді. Тамақ қауіпсізідігін қамтамасыз ету жөніндегі 2023 жылға арналған мемлекеттік мониторинг жоспары бекітілді.
Мұнайлы өңірдегі бірегей ет комбинаты басшысы Темір Лесов Маңғыстауда 16 мың бас аналық ірі қара (сиыр) бар екенін, өңірдің табиғаты сиыр малын өсіруге қолайлы еместігін, сондықтан Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданында Ақсоғым ауылы маңында «Korkem alem» ет қомбинатының жергілікті жеке шаруадан мал жинайтын ғимараты бар екенін айтады.
Кәсібін жүргізуде «Қолдаудан» қолдау тауып,мемлекеттік субсидияның пайдасын көріп отырғанын, күніне 500 тонна жартылай фабрикаттың 75 түрін, бұқтырылған ет шығаратын комбинаттың өңір сұранысының 30-35 %-ын жабуға қауқарлы екенін жеткізіп, қазіргі таңда жаңаөзендік комбинат шығарған еттің бағасы сәл қымбаттау болғанымен, келешекте нарықпен бірдей 2500-2700 теңге аралығында ұсыну көзделіп отырғанын алға тартты.
Малды «Біссімілласын» айтып, тамағынан бауыздап, адалдап сойып, сататын, орда бұзар отыздың үстіне енді қадам басқан Лесовтей жігіттер аман болса, Маңғыстаудың қазаны қайнамай тұрмас. Елдің табағын етке толтырып, ердің ісін атқарып жүрген жеке кәсіпкердің қатары көбейе бергей.
Үміт Жәлеке