Маңғыстау ауданына қарасты Онды ауылында Әбіш Кекілбаев атындағы орта мектептің негізі қаланғанына биыл 90 жыл толды. 2018 жылы мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысының есімін алған білім ордасында мерейлі мереке кең көлемде тойланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айтулы шараның өзіндік маңызы бар. Тоқсан жыл бойы Онды ауылында өскелең ұрпаққа білім беріп келе жатқан білім ошағы биыл мерекеге ерекше маңыз берілген.
Бүгінде Онды ауылындағы мектепті екі мыңға жуық түлек бітірген. Қазір мұнда 246 оқушыға білім алса, оларға 37 мұғалім сабақ беріп жүр. Аудан көлемінде ұйымдастырылған шара кезінде ауыл тұрғындарын мектеп түлегі, Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов пен облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева арнайы құттықтады.
«Бүгін біздің басымызды ұлағатты білім ордасы қосып отыр. Осынау тойға баршамыз келіп, қуанып жатырмыз. Онды ауылына келетін болсақ, заман көшінен қалмай жаңғырып, инфрақұрылымдық жобалары, әлеуметтік ахуалы еліміздің даму жолында республика бойынша үздік 30 ауылдың қатарына енгені баршамыз үшін мерей, мәртебе. Себебі, ауыл дамымаса, мектептің де өркендеуі қиын. Менің әкімдік қызметім Маңғыстау ауданының 95 жылдығы мен Онды мектебінің 90 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Осы білім ордасына әкім ретінде ғана емес, шәкірт ретінде сөз алу мен үшін зор қуаныш. Онды ауылындағы орта мектепті 1990 жылы тәмамдаған едім. Осынау білім ордасында талай азаматтың томағасы сыпырып, қияға ұшырған, саналы ғұмырын жастарға білім мен тәрбие беріп өсірген мәртебелі педагогтардың іздері бар. Айта кететін бір жайт, мектеп ұжымы ат салысып, білім ордасының энциклопедиясының электронды нұсқасын дайындады. Елеулі еңбекте мектепте қызмет еткен ұстаздар, түлектер туралы барлық дерек қамтылған. Оны мектеп ұжымы мен өзге де ат салысқан азаматтарға көп рахмет айтамын. Себебі, бұл энциклопедия электронды түрде дайындалған, соған мектеп түлектері өзі туралы деректерді жаза алады. Болашақ ұрпаққа тарихты білуге, тәрбиеге өте үлкен септігі бар деп білемін. Кішкентай ауылда туып, күллі әлемге мәшһүр болған Әбіш Кекілбаев атындағы Онды орта мектебі аты өшпесін. Осындай заңғар тұлғаны тәрбиелеп шыққан мектептен түлеген түлектер биік белестерді бағындыра берсін. Мерейтой құтты, ұзағынан болсын, - деді Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов.
Мектеп мерейтойына арнайы келген облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева оқу ордасының қол жеткізген жетістіктеріне айрықша тоқталып өтті.
«Бір ғасырға жуық тарихы бар алтын ұя мектептің мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Онды орта мектебіне 2018 жылы заманымыздың заңғар жазушысы, жерлесіміз Әбіш Кекілбаевтың есімінің берілгені баршамыз үшін ерекше қуаныш. Сол жылдан бастап елімізде республикалық Әбіштану сайысы ұйымдастырылып келеді. Бұл сайыстың негізгі мақсаты - Ә.Кекілбаевтың мұраларын дәріптеу, өскелең ұрпаққа аманат ету және еліміздегі дарынды балаларды анықтау. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін жас шәкірттер Онды ауылында болып, Әбіш ағамыздың мектебімен, жүріп өткен жолымен танысты. Осындай шараларды ұйымдастыруда аудан әкімдігінің, мектептің қамқоршылық кеңесі мен мектептегі әріптестеріміздің айтулы үлесі бар. Сол үшін баршаңызға ерекше алғысымды айтқым келеді. Әбіш Кекілбаев атындағы кабинеттер облыстағы барлық білім беру ұйымдарында ашылып келеді. Сонымен қатар, қосымша факультативтік сабақтарда Әбіш шығармалары оқытылып жатыр. Онды орта мектебінде еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысындағы ұстаздарымызбен қауышып отырғаныма өте қуаныштымын. Сондықтан да бұл шара мектеп тарихындағы ерекше оқиға ретінде қаларына сенімдімін. Шәкірттік сезімін жоғалтқан адам ұстаз бола алмайды деп Әбіш ағамыз айтқандай, Ондыда білім алған шәкірттер облыс және республикалық деңгейде түрлі жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Республикалық «Үздік ұстаз» сайысында 35 маңғыстаулық педагог жеңімпаз атанса, солардың қатарында Әбіш мектебінің мұғалімі Күнімкүл Саржанованың есімі ерекше аталады. Бұл кісілердің жетістігі біздер үшін зор мақтаныш. Ұстазы мықтының ұстамы мықты деп бекер айтпаған болар. Мектептің қол жеткізген жетістіктері халық мақалының айнасы іспетті. Биыл өңір бойынша мектептерді жөндеуде Онды мектебі де қайта жаңғырып жатыр. Жаңа сыныптар жасақталып, 4 кабинеттің парталары жаңарды. Жаңа оқу жылында оқушылар жаңарған мектептің есігін айқара ашады деп сеніммен айтуға болады», - деді Динара Жұмашева.
Орта мектеп ұжымына жетекшілік ететін Рыскүл Әбдікерова білім беру саласынла Онды мектебінің ерекшелігіне тоқталды. Айтуынша, биыл жиырмаға жуық түлекті шығарып салған ұлағатты ұстаздар ұжымы өз саласына асқан жауапкершілікпен қарайды.
«Онды орта мектебінің тоқсан жылдық мерейтойын ауыл үшін ғана емес, аудан үшін де ерекше маңызды шара. Бұл мерейтой мектеп тарихында алғаш рет атып өтіліп отыр. Шарамызға келіп қатысқан барша түлектерге шын жүректер алғыс айтамын. Барлық ұстаздар мен шәкірттер келіп қуанышымызды асыра түсті. Негізінен Ә.Кекілбаев атындағы мектеп аудан бойынша жақсы дәрежеге қол жеткізген білім ошағы саналады. 420 орынға арналған ғимаратта 246 оқушы білім алады. Өткен оқу жылында 17 түлек мектеп бітірсе, оның 11-і білім грантына ие болды. Бұл біздің 90 жылдық аясындағы ең ерекше жетістік болды», - деді мектеп директоры Рыскүл Айладырқызы.
Өткен ғасырдың орта шенінде мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев білім алған Онды мектебінің мерейтойына аудан бойынша аса маңыз берілген. Торқалы тойда мектеп ұжымы жаңа электронды энциклопедияның тұсауын кесіп, түлектерге ерекше тарту жасады. Бұдан бөлек, мектеп ғимаратының алтында «Ұстазға тағзым» атты ескерткіш салтанатты түрде ашылып отыр.
Мыңға жуық тұрғыны бар Онды ауылы замана көшінен қалмай келе жатқан елдімекен. Маңғыстау ауданындағы ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылда мектептен бөлек, аурухана, ауыл клубы секілді әлеуметтік нысандар халық игілі үшін қызмет етіп тұр. Ал Әбіш Кекілбаев есімін иеленген қарашаңыраққа әрбір тұрғын құрметпен қарайтынын мақтанышпен жеткізді.