Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылының тұрғыны Айтолқын Нарыкова «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жиһаз цехын дөңгелетіп отыр. Бүгінге дейін 400-ге жуық жиһаз жасалған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айтолқын Нарыкова былтыр «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2,5% мөлшерлемемен несиеге керекті құрал-жабдықтарын сатып алған.
- «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2,5% мөлшерлемемен 8 млн 600 теңгедей несие алдым. Осы жобаның көмегімен кәсібіме қажетті жаңа құрылғылар сатып алдым. Қазір цехта күйеуім мен екі балам жұмыс істейді. Жиһаз цехында көбінесе балабақшаға арналған жиһаздар жасалады, - деді Айтолқын Нарыкова.
Кәсіпкердің айтуынша, жиһаз цехында қызметкерлер санын көбейту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
- «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Өмірзақ ауылында екі жоба орындалды. Оның бірі мал шаруашылығы бағытында болса, екіншісі - жиһаз цехы. Негізгі мақсат - ауылдағы кәсіпкерлерді қолдау, жергілікті өнімді дамыту. Биыл ауылымызда «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бес жобаны орындау жоспарланып отыр, - деді Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев.