Mangystaumedia.kz редакциясы облыстағы үздік ауылды анықтау мақсатында сауалнама жүргізді. Нәтижесінде желі қолданушыларының басым бөлігі Онды ауылын "облыстағы үздік ауыл" деп таңдады.
Онды ауылы Шетпе ауылынан 30 км, Ақтау қаласынан 170 км қашықтықта орналасқан.
167 отбасында 1000-ға жуық адам тұрады. Онды ауылында Ә.Кекілбайұлы атындағы мектеп, мәдениет үйі, «Құлыншақ» бөбекжайы, полиция тірек пункті және жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория қызмет етеді. Ауыл газбен, орталықтандырылған ауыз сумен, электр жарығымен, интернет желісімен ұялы байланыспен, көше жарығымен толықтай қамтамасыз етілген.
Соңғы үш жылда ешбір қылмыс болмаған ауыл. Ауылда бірде-бір алкоголь ішімдіктері сатылмайды. Биыл ҚР Ішкі істер министрінің марапатына ие болды. Ал 2021 жылы ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстанның «Үздік 30 ауылы» қатарына енген.
Сонымен қатар сауалнама нәтижесі бойынша Таушық ауылы екінші орынға тұрақтаса, Ақжігіт ауылы үшінші орынға жайғасқан.
Айта кетейік, аймақтағы ең үздік ауылды таңдау үш күнге созылды. Оған телеграм каналдағы есеп бойынша 4500-ға жуық адам қатысып, 360-қа жуық тұрғын пікір білдірген. Ал фейсбук парақшасында 150 желі қолданушысы белсенділік танытқан.