Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен аруларды құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, аяулы апа, қарындастар!
Сіздерді мейірімділік пен ізгіліктің, сұлулық пен жылулықтың мейрамы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әлемдегі әсемдік пен сұлулық, бойымыздағы ізгілік пен құт-береке Ананың жүрегінен бастау алады. Өйткені, әйел жаратылысы нәзік болғанымен, бойындағы күш-қуаты, дархан жүрегі кең дүниені тербейді. Мұны ата-бабаларымыз «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» деп бір ауыз сөзбен жеткізген.
Бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ел болашағын сыйлайтын әйел, келін, ана. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде аналардың рөлі баға жетпес. Бұл асыл еңбек шынайы құрметке лайық» - деп атап өткен болатын. Расымен де, біздің ең басты байлығымыз - алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі. Дүниеге сәби әкеліп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде жанкешті еңбек сіңірген ақ жаулықты аналарымызға алғыс айтамыз.
Бүгінгі дамыған қоғамның қай саласында да қыз-келіншектердің қолтаңбасы бар. Олар тек адал жар, қамқор ана, сенімді дос қана емес, сонымен бірге жақсы басшы, білікті маман, іскер ұйымдастырушы болып қызмет атқаруда.
Осындай шуақты мерекеде Сіздерге және отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Мейірімге толы жүректеріңіз бақытқа, қуаныш пен шатыққа кенеле берсін!