3 наурызда Нұрлан Ноғаев жұмыс сапары аясында Шетпе ауылына барды. Тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Ноғаевтың Маңғыстау ауданына жұмыс сапары және халықпен кездесуі облыс орталығы – 18 мыңнан астам тұрғыны бар Шетпеде жалғасты.
Шетпеліктермен кездесу бес сағаттан астам уақытқа созылды. Аймақ басшысына әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға белгілеу, тұрғын үй, дәрігерлік амбулаторияларды жөндеу, қоқыс полигонын ауыстыру, халықты жұмыспен қамтуға қатысты сұрақтар қойылды.
– Халықты жұмыспен қамту мәселесі баршамызды алаңдатып отыр, сондықтан оның шешімін табу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыспен қамту орталықтары жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мобильді қосымшалар енгізілді. Ендігі мақсат – мемлекеттің мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті азаматтарға қолдау көрсету. Мәселен, облыста «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасы іске асуда, ауылдағы қыз-келіншектер шағын несие алып, қолөнер бұйымдарын жасап, кәсібін дамытуда. Сондықтан тек өндірістен ғана жұмыс іздеумен шектеліп қалмауымыз керек. Қолдағы бизнесті дамыту, қосымша жұмыс көздерін құру, шағын және орта бизнестің тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет өз тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетеді, – деді Нұрлан Ноғаев.
Есеп беру кездесуінен соң Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданының тұрғындарын жеке қабылдады.