Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өңір тұрғындарының меншік салығы бойынша берешегінің жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеден асатынын айтты. Оның негізгі үлесі көлік салығы бойынша 983 млн теңгеден жоғары, мүлік салығы 185 млн теңге қарызды құрайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«МКД демалыс маусымы қарсаңында Қазақстаннан тыс жерлерге шығатын кезде қиындықтарды болдырмау мақсатында салық берешегінің жоқтығына алдын ала көз жеткізуді ұсынады. Берешек болған жағдайда сот орындаушылары мүлікке тыйым салуға, немесе ҚР азаматының шетелге шығуына шектеу қоюға құқылы екендігі заңнамалық тұрғыдан көзделген.
Салық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ҚР ҚМ МКК ресми интернет-ресурсында, электрондық үкімет порталында egov.kz, eSalyq Аzamat мобильді қосымшасында тексеруге болады», деп жазылған хабарламада.
Бұл ретте әркім өзін елден шығуға уақытша шектелген борышкерлер тізімінде бар-жоғын ҚР Әділет министрлігінің сайтында тексере алады.
МКД барлық азаматтарды салық міндеттемелерін уақтылы орындауға және салық берешегі бар жағдайда толық өтеуге шақырады.