Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бастап әлеуметтік тәуекелдердің 6 түрлі жағдайы басталған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде енгізілді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілер жұмыскерлері үшін, сондай-ақ дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар өздері үшін төлейтін ең төменгі жалақының кемінде бір және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын кірістің 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар есебінен қалыптастырылады.
Бұл ретте әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру ынтымақтастық принципіне негізделген, өйткені әлеуметтік аударымдар барлық жұмыс істейтін азаматтар үшін төленеді, ал төлемдерді тек әлеуметтік тәуекел туындаған адамдар ғана ала алады.
Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Қордан тағайындалатын төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін медициналық-әлеуметтік сараптама белгілеген кезеңге төленеді және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі.
Қордан асыраушысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауында болған тұлғаларға бюджет қаражаты есебінен төленетін асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Қордан тағайындалатын төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындарға 23 жасқа толғанға дейін төленеді.
Қордан жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жүйеге қатысушыға жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Оны тағайындаудың негізгі шарты - жұмыссыз ретінде тіркелу. Тіркелу арқылы қатысушы әлеуметтік төлемді тағайындау құқығына ие болады. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 2 жыл ішінде Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, жүйеге қатысу өтіліне және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 40%-дан 45%-ға дейін арттырылған кірісті алмастыру коэффициентіне байланысты болады.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады.
Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Қордан бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен қосымша деңгей есебінен жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары.
Маңғыстау облысы бойынша
Қор филиалының директоры
У.Уркумбаев