Маңғыстау облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты мектеп және колледждердегі 12 желтоқсан күнгі сабақ қашықтан оқыту (онлайн) форматында өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының білім басқармасына сілтеме жасап.
Білім беру мекемелерінің басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Пән мұғалімдері күнделікті жұмыс орындарында онлайн сабақ өтеді.
Мектепке дейінгі ұйымдар күнделікті режимде жұмыс істейді. Өзгерістер қосымша хабарланатын болады, делінген басқарма таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, синоптиктердің болжамы бойынша, ертең Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде, солтүстік-шығысында көктайғақ күтіледі. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың басым бөлігінде екпіні 15-20 м/с, күндіз екпіні 23-28 м/с жетеді.
Ақтау қаласында көктайғақ күтіледі. Шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с болады.