Маңғыстау облысында «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының комиссия отырысы өтті. Жалпы байқауға 184 адам өтінім жіберген, нәтижесінде 25 адам жобаның жеңімпазы атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, комиссия құрамы 15 адамнан жасақталды. Құрамына мемлекеттік орган қызметкерлері, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, жастар ұйымдарының басшылары шақырылды. Алдымен комиссия отырысын Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай ашып, комиссия мүшелеріне жобаның басты мақсатын таныстырды. Жобаларды бағалау бойынша өз ұсынысын білдірді.
Комиссия мүшелері әрбір жобамен егжей-тегжейлі танысып, үздік жоба иелерін анықтады. Қатысушылар мәдениет, бизнес, ақпараттық технология, ғылым және медиа бағыты бойынша сынға түскен. Соның ішінде әр бағыт бойынша 5 адам үздік атанды.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі төрағасы ұйымдастырылды.