Маңғыстауда биыл мамыр айында 147 су сынамасы, маусым айында 188 су сынамасы және 1 шілдеден бүгінгі күнге дейін 104 су сынамасы зерттеліп, нәтижесінде тырысқақ вибрионы анықталмады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлнар Көркінбаева айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, ауруды қоздырғыш бактерия әдетте ағзаға залалды тамақпен немесе сумен енеді. Көбінесе бұл аурудың таралуы санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың жеткіліксіз деңгейімен адамдардың гигиеналық талаптарды сақтамауынан және тексерілмеген тағамдарды жеп, лас суды ішуінен пайда болады.
- Тырысқақ ауруының алдын алу үшін тамақ дайындар алдында қолды мұқият жуу қажет. Қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішкен абзал. Рұқсат етілген су айдындарында шомылып, теңіздің, мұхиттың және басқа да су объектілерінің шикі өнімдерін пайдаланбаған дұрыс. Азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөністі қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен мұқият жуу керек,-дейді Гүлнар Көркінбаева.
Брифинг барысында «Маңғыстау обаға қарсы күрес станциясы» филиалында эпидемиологиялық сұрақтар жөнінде орынбасардың міндетін атқарушы Жадыра Еділова тырысқақ ауруының белгілері туралы айтып өтті.
- Егер адамда жүрек айну, құсу, іш өту, бас ауруы және бас айналу секілді белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет. Бұл тырысқақты тиімді емдеуді дер кезінде жүргізуге және қолайсыз нәтиженің алдын алады. Үнемі тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Ауру жұқтырмас үшін маңызды гигиеналық дағды - қолды сабындап жууды әдетке айналдырған жөн. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік,- дейді Жадыра Еділова.