Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жүргізушілердің бірі өзге жүк көлігінің тізгіншісін наразылық акциясына қатыспағаны үшін сөгіп, балағаттауда.
Видео авторы жолда кетіп бара жатқан жүк көлігін қуып жетіп, тоқтатқан. Ол жүргізушіні дизель бағасының көтерілуіне қарсы митингіге шығуға мәжбүрлеуде.
-Жігіттер, мынаны қараңдар, Бейнеуге бара жатқанда ұстап алдым, Бекінің тұсында ұстап тұрмын. Мана ХГМЗ (зауыт) алдында тұрғанда кеттік дегенімде, сылтау айтып бармадың. Қайда бара жатырсың,-деді видео авторы.
Жүргізуші болса көлікті оның иесіне тапсыруға апара жатқанын айтып түсіндірмек болды. Алайда бейнежазба авторы жүк көлігінің жүргізушісін жібермей, кері қайтып, наразылық танытушыларға қосылуға мәжбүрлеуде.
Әлеуметтік желіде тараған тағы бір бейнежазбада бір жүргізушінің Жаңаөзен маңында жол бойында кетіп бара жатқан көлік жүргізушісін ереуілге шығуға үгіттеп жатқаны түсірілген.
Сайт журналистері осы бейнежазбаларға байланысты облыс прокуратурасына хабарласып, пікір білдіруін сұрады.
Прокуратураның хабарламасы: Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде заңсыз наразылық акцияларына қатысуға шақырған және жүк көліктерінің жүргізушілерін заңсыз митингіге шығуға мәжбүрлеген тұлғалардың материалдары таралуда.
Шақыру, ұйымдастыру және заңсыз акцияға қатысқаны үшін ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша 25 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жауапкершілік қарастырылған.
Егер бұл әрекеттер елеулi зиян келтiрсе, онда кiнәлiлер Қылмыстық кодекстiң 400-бабына сәйкес айыппұл салу немесе 200 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде түзеу жұмыстары немесе қоғамдық жұмыстарға тарту түрiнде жаза көзделген қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл үшін 200 сағат немесе 50 сағатқа дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Жалған және фейк хабарламалар тарату әрекеттері қылмыстық жазаланатын әрекеттер болып саналады және Қылмыстық кодекстің 274-бабы (жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке апарады.
Осыған байланысты, облыс прокуратурасы әлеуметтік желі қолданушыларын заңды сақтауға және жоғарыда аталған кез-келген құқық бұзушылықтарға жол бермеуге, арандатушылыққа бой алдырмауға шақырады.