Қазіргі таңда, қызмет алушылардың мемлекеттік қызметтерді алу кезінде туындаған мәселелер бойынша уәкілетті органмен байланысын жеңілдету үшін "EgovKzBot2.0" Telegram бот-платформасы арқылы жүгінуі жеткілікті. Бұл бот нақты уақыт режимінде Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына шағымдануға арналған. Сондай-ақ, азаматтардың бюрократияны төмендету және мемлекеттік қызметтердің бизнес-процестерін оңайлату жөнінде ұсыныс енгізу мүмкіндігі бар.
Оған қоса, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қандай да бір кедергілер туындаған жағдайда бот арқылы шешуге мүмкіндік бар. Мысалы қызмет алушы EgovKzBot2.0 Telegram-ботқа тиісті қызметті көрсетуші мекеменің деректерін енгізу арқылы өз пікір-ұсынысын не шағымын жіберсе жеткілікті.
Департамент тарапынан аталған бот арқылы келіп түскен шағымдар қаралып, қызмет алушылармен кері байланыс орнатылуда. Ал құқықтары бұзылған жағдайда жедел қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, И. есімді азаматқа ҚР азаматтарына жеке басын анықтайтын куәліктерді рәсімдеу қызметі бойынша 1414 колл орталығынан құжатының дайын екені туралы хабарлама келіп түскен. Алайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облысы бойынша филиалына барғанында құжатының жоқ екені белгілі болған. Қызмет алушымен кері байланыс орнатылып, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытында Департаментпен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ҚЕ АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалымен бірлесіп қажетті жұмыстар жүргізілді. Барлық мән-жайларды зерделеу нәтижелері бойынша, құжат Маңғыстау облыстық полиция департаментінің Көші-қон басқармасының мамандарымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облыстық филиалына жолданбай қалғандығы анықталды. Нәтижесінде Департаменттің араласуынан кейін қызмет алушының құқығы қалпына келтіріліп, қызмет алушының жеке куәлігі өзіне ұсынылды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіның Маңғыстау облысы бойынша департаменті тарапынан аталған бағыт бойынша жұмыстар жалғасуда. Егер сіз мемлекеттік қызмет алуда қандай да бір кедергілерге не құқығыңыздың бұзылғанына тап болсаңыз "EgovKzBot2.0" Telegram бот-платформасы арқылы немесе Маңғыстау облысы бойынша жергілікті департаментке жүгіне аласыз.
Нұрболғанова Нұрғаным Айтбайқызы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бас маманы