Маңғыстаулық спортшы әуесқойлар арасындағы әмбебап жекпе-жектен Әлем кубогында үшінші орын иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Жас Батыр» спорт мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әуесқойлар арасындағы әмбебап жекпе-жек додасы Түркияның Анталия қаласында өтіп жатыр. 18 бен 20 жас аралығындағы сынға 30 елден 280 спортшы қатысқан. Айтулы жарыста жекпе жектің лайт күрес түрінен «Жас Батыр» спорт мектебінің спортшысы Төрекен Қобыланов 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.
«Жарыс өте жақсы өтті. Негізі топ жарамын деген сенімде едім. Әлі де дайындығымды күшейтемін. Жаттықтырушым айтқан барлық әдіс-тәсілдерді қолдануға тырыстым. Жанкүйер болып, мені қолдаған барлық достарыма, туыстарыма және бапкеріме алғыс айтамын, - дейді Төрекен Қобыланов.
Маңғыстаулық спортшы Төрекен Қобыланов 7 жылдан бері «Unifight» спорт түрімен шұғылданғанып жүр. Жерлесіміз әлем кубогының бірінші кезеңінде Әзірбайжан балуанынан басым түсті. Екінші айналымда да кездесуді жеңіспен аяқтады. Ал, үшінші кезеңде Төрекен Қобыланов қарсыласына жол беріп, қола медальді иеленді.