Бүгін "Маңғыстау Арена" спорт кешенінде Республика күніне орай ауыр атлетикадан облыстық чемпионат өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарысқа Ақтау, Мұнайлы, Түпқараған, Шетпе және Жаңаөзеннен келген 60-қа жуық спортшы қатысты.
Спорттық шараның ашылу салтанатында Халықаралық Полицейлер қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының төрағасы Оңайбек Әбділов спортшыларға сәттілік тілеп, кезектен тыс Президент сайлауына қатысты үгіт-насихат жүргізді.
"20 қараша күні республика жұртшылығы өз таңдауын жасап, Қазақстан Республикасының президентін сайлайды. Әлемде болып жатқан саяси, геополитикалық өзгерістер өз әсерін біздің мемлекетке де тигізуде. Осындай сын сағатта еліміздің тізгінін әлемге танымал саясаткер Қ. Тоқаевтың болғаны абзал. Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызмет жылдары республикамыздың барлық сала жағынан оң өзгерістердің басталғалы көпке аян. Онын ішінде спорт саласын дамыту жаңа деңгейге көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандитурасын 3 парламенттік партия мен 30-дан астам қоғамдық ұйым ұсынып, қолдау көрсетіп отыр. Сіздер де сайлау құқығыңызды пайдаланып, "Әділетті Қазақстан" үшін Қасым Жомарт Тоқаевқа дауыс береді деп сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - дейді Қасым Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Оңайбек Нұрасылұлы.
Жарыс қорытындысы бойынша 59 келіге дейінгі жасөспірімдер арасында 1-орынды Азамат Шүкербек алды. +59 келі салмақта 1-орынды Абдул Манапов қанжығаға байлады. 67,5 келіге дейінгі әйелдер категориясы бойынша 1-орынды Светлана Жұмашева алса, 67,5 кг ерлер арасында Саламат Изденов алды. 75 келіге дейінгі санатта Сержан Ғалиев 1-орын иеленді. 82,5 келі салмақта 1-орынды Руслан Базар алса, 90 келіде сынға түскен Рысбек Сәрсенғалиев алдыңғы орыннан көрінді. Ал 100 келі салмақта Қаржаухан Сағындық топ жарды. 100 кг + санаты бойынша Исенбай Матенов 1-орын алды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА