Маңғыстау туризм колледжінің өндірістік оқу шебері Нұрай Еламан ірімшіктен балмұздақ жасайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Нұрай Еламанның айтуынша, ұлттық дәмнен балмұздақ жасау идеясы тосыннан келген.
- Алдымен құрт қосып жасап көрдім, алайда, дәмі сәтсіз шықты. Кейін ірімшікпен жасаған едім, дәмі ерекше болды. Бір күннің ішінде жасалған ұлттық дәмдегі балмұздақ жанымдағы жандардың көңілінен шықты. Тіпті, осы балмұздақпен былтыр Тараз қаласында өткен халықаралық чемпионатқа қатысып, 2-орын алған едік, - деді өндірістік оқу шебері Нұрай Еламан.
Ұлттық дәмнен жасалған ерекше балмұздақ сатылымда жоқ. Идея авторы Нұрай Еламанның айтуынша, қазір сертификат алу, патенттеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құжаттар рәсімделген соң облыс көлемінде сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.
Мұнан бөлек өндірістік оқу шебері ұлттық сусындар мен балқаймақ, құрт қосылған түрлі соустарды әзірге тәжірибеден өткізіп жүр.
- Бұл соустарды ет немесе салатқа қосамын. Мұндай соус арқылы ұлттың бас тағамын толықтыруға болады. Қазіргі таңда ұлттық мәзірді ерекше әдіспен ұсыну сұраныста ғой. Ал мен дайындап жатқан соустар осы сұранысты өтейді деген ойдамын. Менің ойымша, ұлттық бренд аспаздық өнерде де кеңінен қолданылса, қазақ асханасын шетелге танытуға мүмкіндік бар, - деді Нұрай Еламан.
Нұрай Еламан - Маңғыстау туризм колледжінің түлегі. 3 жылдан бері өндірістік оқу шебері болып өзі бітірген колледжде сабақ беруде. Студенттері де әрдайым ізденісте екенін жасырмады, соның нәтижесінде республикалық, халықаралық чемпионаттардан олжалы оралатынын айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА