Бүгін Ақтауда екі айға созылатын көктемгі сенбілік айлығы басталды. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен сенбілік аясында 8 тоннаға жуық қоқыс шығарылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көктемгі сенбілік барысында 4-шағынаудан «Бриз» қайық клубы және «Дискай» теңіз жағажайы маңы, 39-шағынаудан, «Ержан Хазірет» мешітінен бастап 34 шағын аудан «Ана мен бала» перзентханасына дейін және 9А шағын аудан «I love Aktau» композициясынан «Самал» теңіз жағалауына дейінгі аумақ тазартылды. Аталған жұмыстарға 4 техника мен 250-ге жуық мемлекеттік қызметкер жұмылдырылды. Қала әкімдігінің тарапынан қызметкерлерге сенбілікке қажетті қолғап пен қап берілді.
- Сенбіліктің басты мақсаты - қаланың санитарлық тазалығын сақтау мен экологиялық жағдайын жақсарту. Аталған шарада барлығы 8 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл сенбілік 16 наурыз бен 18 мамыр аралығында өткізіледі. Барша қала тұрғындарын көктемгі сенбілікке белсенді қатысуға шақырамыз, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жантілек Асхатов.