Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы Наурызнаманың Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай наурыз көже дайындап, жастарға жасалу жолын түсіндірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жастар ресурстық орталығына сілтеме жасап.
Наурыз көжені маңғыстаулық әже Майра Қуанғалиқызы әзірледі. Жеті түрлі дәм қосып, ақ араластырып, көпшілікке ұсынды.
- Наурыз көженің жасалуында да үлкен философиялық мән бар. Наурыз көже табиғаттың тіршілікке бергенін ұмыттырмайтын тағам. Әрбір дәмі арқылы түрлі тағлым алуға болады. Бұл ұлттың ауызбіршілігін, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға үйретеді, - деді Майра Қуанғалиқызы.
Ас әзірленіп болған соң қос етек көйлек киіп, шолпы-сырғасын таққан қыздар киіз үйдің ішіне жиналды. Дастарқан басында ақ жаулықты әжелермен бірге наурыз көжеден дәм татып, өнегелі әңгімесін тыңдады. Бір-біріне ақжарма тілегін арнап, Наурыз мерекесімен құттықтады.