Маңғыстауда Наурыз мейрамын тойлау аясында 16 келілік гір тасын 20 мәрте көтерген көпбалалы ананың бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, санаулы сағатта көп қаралым жинады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Қарақия ауданы Сенек ауылында Наурыз мейрамын тойлау аясында ұлттық спорт түрлері бойынша сайыс ұйымдастырылды. Гір тасын көтеруге іргелес ауылдар мен елді мекендерден де ерікті ересектер, әсіресе, әйел адамдардың ниет танытуы сайыс көрігін қыздыра түсті. Ұлттық нақышпен кестеленген қос етек көйлек, кәжекей-бешпент киген бұрымдылар бәсекенің басты қарсыластарына айналды.
Құланды ауылының тұрғыны көпбалалы ана Мақпал Қаржаубаева 16 келілік гір тасын 20 мәрте көтеріп, көпшілікті қажар-қайратымен сүйсінтті. Әлеуметтік желі қолданушылары бейнежазбаның басты кейіпкеріне қошемет сөзін жаудырды. «Маңғыстаудың келіндері жасасын!», «Жеменейлер, алға!» сынды қолпаштаулар сөздерін толассыз жазып жатыр.
Ал салауатты тұрмыс салтын ұстанатын, қара еңбекпен ширыққан көп балалы ана Мақпал өз перзенттерін де спортқа баулиды. Оның балалары — дзюдо бойынша облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері.