Маңғыстау облыстық мәслихатында музей бұрышы ашылды. Аталған бастама 2024 жылы еліміздегі мәслихаттарға 30 жыл толуына орай қолға алынып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Музей бұрышының ашылуына Маңғыстау облыстық Мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, облыс әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев, Маңғыстау облыстық мәслихатының алғашқы төрағасы Тергеу Айдарханов пен депутаттар қатысты.
«Бүгін облыстық мәслихатта жаңадан музей ашылып отыр. Бұл еліміздегі мәслихаттардың 1994 жылы алғаш құрылғанынан бергі тарихын қамтиды. Маңғыстауда облыстық мәслихаттың алғашқы төрағасы болған Тергеу Айдарханов ағамыз екені көпшілікке белгілі. Жалпы қазақ депутаттарының тарихы 1906 жылдан басталады. Санкт-Петербургтегі Таврия сарайында Алаш арыстары алғаш болып депутат болып сайланды. 1994 жылдан бастау алған мәслихаттың тарихын қамтып, өңірден сайлаған Мәжіліс, Сенат депутаттарын да қамтыдық. Ары қарай меморандумға отырған 7 партияның өкілдерімен бірге жұмыс істейміз. Олар да тарихымызға үлес қосуға ниет білдіріп отыр. Бүгінге тұсаукесерге Тергеу ағамызды арнайы шақыртып отырмыз», - деді Жаңбырбай Матаев.
Айта кететін жайт, музей бұрышының ашылуына Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Сергей Ворожейкин мен Ирина Беляева демеушілік еткен.
«Баршаны мәслихатта мұражай бұрышының ашылуымен құттықтаймын. Бұл алғашқы қадам. Осылай болашақта іргесін кеңейіп, ұрпаққа қажетті құнды экспонаттары көбейе берсін. Рухани маңызы бар деп санаймын. Келешек ұрпаққа тарих болып қалады. Депутаттарымыз елдің мәселесін шешуде үлес қоса берсін», - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова.
Облыстық мәслихат депутат Пәния Сармузина аталған шараның қалай басталғанын, оның ішінде тарихына тоқталып, қандай жәдігерлер қойылғанын әңгімелеп берді. Жалпы, Маңғыстау облыстық Мәслихаты құрылғалы бері қазір алтыншы төраға басқарып отыр.
«Музей бұрышы облыстық мәслихат төрағасының бастамасымен алдағы жылы 30 жыл толатынына байланысты ашылып отыр. Игі істі биылғы жылдың қорытындысы деуге болады. Бұл істің басы ғана. Музей бұрышы уақытпен жаңарып, толықтырып отырады. Бұл жерге 1994 жылғы алғашқы депутаттарының алғашқы отырысын, тарихын да қамтып, Алаш арыстары, алғашқы делегаттар, Маңғыстау облыстық мәслихатын құру туралы қаулысы қойылды. Сондай-ақ, Өмірзақ Озғанбаевтың Ресей мемлекеттік думасы және Қазақстан атты 3 томдығы қойылды. Бұл кітаптың орыс тіліндегі тұсаукесері Санкт-Петербурге, ағылшын тіліндегі нұсқасы Францияда, қазақ тіліндегісі ҚР Сенатында кесу жоспарланып отыр», - деді Пәния Сармурзина.
Өз кезегінде Маңғыстау облыстық Мәслихатының алғашқы төрағасы Тергеу Айдарханов жергілікті ұйымның қалай құрылғанына тоқталды. Ол өз сөзінде Әбіш Кекілбаевқа жергілікті депутаттар кеңесінің атауын қалай ұсынғанын айтып берді.
«1994 жылы маған Әбіш Кекілбаев телефон соқты. Ол кезде Алматыда Жоғары Кеңестің төрағасы еді. «Тергеу, сен қандай мекемеге келіп отырсың? Кеңес пе, оның аты қалай? Қазақ елінде бұндай мекеме болды ма?» деп сұрады. Бұрын мұндай мекемені не дегенін білмеймін. Естімеген нәрсемді айта алмаймын. Жиналыстың төрағасы, депутат дейтін. Қазақстанда болмаған мекеме еді. «Жоғары Кеңестің төрағасысыз, ойланып көрсеңізші» дедім. Ол «Сен сол жерге келген соң, өзіңді ойландырайын деп отырмын. Бұл ұйымды не деп атаймыз? Екі сағаттан хабарласамын. Тағы ойланшы» деді. Бұл бір жағынан тапсырма. Ойланып отырдым. Ертеде оқыған кітаптарым есіме түсті. Гректердің айналасындағы деректерді еске алдым. Уәде еткендей 2 сағаттан соң Әбіш телефон соқты. «Тергеу, ойлаңдың ба?» деді. «Әй, Әбіш! Ойланған-ойланбағанымды білмеймін. Бұрын бұл жиналыс жоқ еді. Осыны өзің ойланып көрші. Менің ойыма келгені Мәслихат деген атау» дедім. Ол «Тұра тұр, мынауың әдемі атау ғой. Мен ақылдасып көрейін» деді. Жарты сағаттан соң телефон соқты. «11 облыспен хабарластым. Барлығы қос қолдап құптап отыр. Маңғыстаудың ұсынысын қолдаймыз деп отыр. Мен енді қаулы шығаруым керек» деді. Не керек, сол күннен бастап, ұсынысымыз қабыл болып, Маңғыстау облысынан ұсынылған депутаттар кеңесіне мәслихат деген атау пайда болды. Ол еліміз бойынша жалғасын тапты», - деді Тергеу Айдарханов.