Маңғыстауда биылғы жылдың тамыз айынан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – белсенді азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараға ерікті ретінде тарту, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Жоба барысында волонтерлар Бейнеу бағытындағы республикалық маңызды автокөлік жолындағы шұңқыр жөнінде шұғыл хабарлап, кемшілік жойылды.
Сондай-ақ Маңғыстау ауданында волонтерлар Көліктік бақылау инспекциясы және Облыстық полиция департаментімен бірлесіп, ауыр салмақты көліктердің жол қозғалысы ережелерін сақтауына мониторинг жүргізді.
Нәтижесінде 80 заң бұзушылық анықталып, 7,6 млн теңге айыппұл салынды.
Айта кетейік, Департамент өкілдері өңірдің белсенді азаматтарын және заңды тұлғаларын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына қосылуға шақыруда.