Облыс әкімі «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонына қатысқан «Көкмойнақ» командасының қатысушыларымен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Марафон қатысушыларымен кездесуге «Көкмойнақ» командасының мүшелері, ат иелері және команда бапкері Бекболат Талғатұлы, сондай-ақ белгілі велошабандоз Раббим Борашов қатысты. Ол жарыс бойы шабандоздармен бірге болып, қолдау көрсеткені үшін «Үздік жанкүйер» атанды.
Нұрлан Ноғаев «Ұлы дала жорығы» марафонының ерекше маңыздылығына тоқталып, бұл жоба ұлттық рухты нығайтып, қазақ дәстүрлерін жаңғыртатынын айтты.
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іс-шараның ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті жандандыру үшін маңызды екенін атап өтті. Ол «Ұлы дала жорығы» ұлттық рухты нығайтуға ықпал ететін жобаға айналғанын айтты. «Көкмойнақ»
командасы мәреге жете алмағанына қарамастан, шабандоздарымыз да, олардың аттары да керемет табандылық танытты. Ал Адай жылқысы қысқа уақыт ішінде 1300 шақырым қашықтықты бағындырды. Бұл отандық спорт тарихында қалатын, халықтың мақтанышына айналатын оқиға болды, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы маңғыстаулық шабандоздар мен жылқы иелеріне жалпы республикалық ат марафонына қатысқандары үшін алғыс хат табыстады.
Естеріңізге сала кетейік, марафон барысында 1300 шақырым қашықтықты еңсеру қажет еді. Онда Маңғыстаулық шабандоз Мағжан Абдолұлы «Шағырайторы» атты сәйгүлігімен мәреге бірінші болып келді.