Маңғыстаулық ағайынды егіздер Саясат пен Саяхат Ақтөбе гарнизонының әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстаудан күзгі шақырылыммен әскерге аттанған 40 сарбаз Ақтөбе гарнизонының әскери бөлімінде қызмет етеді. Осыған орай Ақтаудағы «Жеңіс» саябағында жастарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті.
Күзгі шақырым бойынша әскерге аттанған жастарға «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, запастағы полковник Нұрлыбай Қонақбаев құттықтап, ақжол тіледі.
Әскерге шақырылған жастардың арасында Саясат пен Саяхат атты маңғыстаулық егіздер бар. Туғалы бері бір-бірінен ажырамаған ағайынды Сұлтанмұраттар мектепті бірге тәмамдаған. Жасөспірім шағынан грек-рим күресі секциясының есігін де бірге айқара ашты.
«Болашақ» Каспий өңірі колледжін «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша үздік бітірген олар күзде әскерге шақырылған. Медициналық комиссиядан, психологиялық зерттеуден өтіп, әскери қызметке жарамды болып шықты.
Мерзімді қызметін өтуге бар ынта-жігерімен барған олар әскери бөлімде де бір-біріне серік болатынына сенімді.
– Сендер кішкентай күндеріңнен кез келген жұмысты бірге атқаруға дағдыландыңдар. Енді міне, әскерге де бірге аттанып барасыңдар. Отан алдындағы борыштарыңды адал атқарыңдар. Сапарларың сәтті болсын! – деді балалардың әкесі Қадырғали Мәдиев.