Маңғыстау облыстық мәслихаты мен “Маңғыстау-Медиа” ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгін «Маңғыстау-медиа» медиахолдингінде облыстық, қалалық және аудандық газеттерге 2024 жылға жазылу бойынша «Ашық есік» күні шарасы өтті. Оған Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев және облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Медиахолдинг басшысы Г.Әбішева қонақтарды серіктестікке қарасты басылымдар мен жаңа медиа ресурстарының даму жоспарымен таныстырды. Бүгінгі мақсат пен алдағы меже айтылған таныстырылымнан соң, Маңғыстау облыстық мәслихаты мен «Маңғыстау-медиа» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Өзара әріптестікті одан әрі дамытуға жол ашатын құжатқа қол қойған Жаңбырбай Жәнібекұлы қазақ газеттерінің тарихынан сыр шертіп, баспасөздің бүгінгі қоғамға берері көп деп сөзін түйіндеді.
Шараға жиналғандар газетке жазылып, тәрбие құралы саналатын дәстүрлі БАҚ-ты әрқашан қолдайтындарын жеткізді. Айта кетейік, депутаттардвң бірі 50, енді бірі 100 оқырманды Маңғыстау газеттеріне жазып, демеушілік танытты.
Айта кетейік, «Маңғыстау-медиа» серіктестігіне қарасты сегіз газеттің бағасы соңғы екі жылда өскен жоқ. Алдағы жылға да сол баға сақталған. Сондай-ақ, газеттерге онлайн жазылуға барлық мүмкіндік қарастырылған. «Halyk bank», «Kaspi bank» және «Қазпошта» АҚ қосымшалары арқылы редакция не пошта бөлімшесіне бармай-ақ жазылуға болады.