9 қазанда республикалық маңызы бар «Бейнеу-Ақтау» тас жолында болған жол апатынан зардап шеккен төрт жолаушы түрлі жарақаттармен ШЖҚ МКК Бейнеу аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Стационардың қабылдау бөлімінде травматолог, хирург, реаниматолтармен қаралды, жағдайына қарай сараланып, шұғыл диагностикалық тексерулер жасалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бейнеу аудандық ауруханасының мәлімдеуінше, жағдайы ауыр науқастарға жарақат пунктінен алғашқы хирургиялық өңдеу жасалып, бірден хирургия бөлімінің реанимациялық палатасына госпитализацияланды.
- Аса назар аударатын жарақаты ауыр науқасқа Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирург және реаниматолог дәрігерлерінен қосымша кеңес алынып, шұғыл түрде бас сүйек трепанация операциясы жасалды. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен науқастардың жағдайы өте ауыр және реанимация бөлімі мамандарының тәуліктік жіті бақылауында, - деді Бейнеу орталық аудандық ауруханасының баспасөз қызметі.