Маңғыстаулық дәрігер жол-көлік апаты салдарынан жарақат алған тұрғынға шұғыл медициналық көмек көрсетіп, науқастың өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 7 шілде күні 1 шағынаудандағы жаяу жүргіншілер өткелінде болған.
- 1 шағынауданда көлікпен жолдан өтіп бара жатқанбыз. Қасымдағы адамдар жол-көлік оқиғасы болып жатқанын айтты. Көлікті дереу тоқтатып, оқиға орнына барып, жарақат алған әйелге алғашқы медициналық көмек көрсете бастадым. Басынан қан кетіп, бас-ми жарақатын алғанын көрдім. Басқа бағытқа кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігін тоқтаттық. Қасыма фельдшер көмекке келді. Науқастың жағдайы аса ауыр екенін байқадым. Қан қысымын өлшеп, алғашқы көмек көрсеттім. Жедел жәрдем көлігі келіп, қажетті медициналық заттарды алып, басынан қан кеткен жерді тазалап, таңдым. Сонымен қатар фельдшер маман науқасқа ауырғанды басатын дәрі салды. Жағдайы сәл жақсарғаннан соң облыстық көпбейінді ауруханаға жедел-жәрдем көлігімен бірге алып кеттік,-деді дәрігер Мұрат Дарбаев.
Ақтау қаласының тұрғыны Камила Гасангусейнова есімді тұрғын дер кезінде медициналық көмек көрсеткен маңғыстаулық дәрігер-терапевт Мұрат Дарбаевқа алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Мұрат Дарбаев жалпы тәжірибелі дәрігер-терапевт. Осы уақытқа дейін "Еркемед" ЖШС емханасында бас дәрігердің орынбасары болып жұмыс істеді. Бүгіннен бастап Мұрат Дарбаев Форт Шевченко қаласындағы Түпқараған аудандық орталық ауруханасына жаңа қызметке ауысты.