Елдің батыс өңірлеріндегі алапат су тасқыны кезінде маңғыстаулық әскерилер де қол ұшын созуға асықты. Олар Құлсары қаласына қажетті құрал-жабдықтармен аттанған еді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
2024 жылы 5 сәуірде Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен және бірлескен ҚР Қарулы күштері Қорғаныс министрлігінің генерал штабының келісімімен әскери қызметшілер Атырау облысына көмек қолын созды.
Әскерилер су тасқынының алдын алу үшін арналарды бұру, халықтың жеке мүлкін қорғау, су басқан аудандардағы адамдарды эвакуациялау және дезинфекция жұмыстарын жүргізген.
Атырау облысына аттанған әскерилер легінде 25744 әскери бөліміндегі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау ротасының командирі гвардия аға лейтенанты Мирас Шеризатов та болды. Ол құтқару жұмыстарының барысы мен тасқынға қарсы күресте қажыр-қайрат танытқан әскерилер туралы баяндады.
- Әрине, ел басына түскен ауыртпалықты бірге еңсеру үшін халықтың жанынан табылуымыз қажет. Бұл біздің Отан алдындағы борышымыз. Құтқару жұмыстары оңай болған жоқ. Дегенмен отан қорғаушысы үшін елге адал қызмет ету ерлікке пара-пар құндылық. Мереке қарсаңында халықтың қауіпсіздігі мен ел амандығы үшін маңдай тер төгіп, ерен күш-жігер сарп еткен құтқарушылар еңбегі бағалана берсін деген тілегім бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Бейбіт заманда тату-тәтті ғұмыр кеше берейік,-деді Мирас Шеризатов.