Бүгін Мұнайлы ауданында облыстық «Пай, пай қазақтың келіндері-ай» атты байқауы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Байқауды Маңғыстау облысы әкімі жанындағы "Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат" жөніндегі комиссияның, "Жаңаөзен политехникалық колледж басшысы", Жаңаөзен «Аналар кабинеті » төрайымы Тілектес Болатбаева ұйымдастырып, шараға Мұнайлы ауданы әкімдігі және Маңғыстау облыстық «Аналар кеңесі» қолдау көрсетті.
Сайысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен отбасының ұйытқысы болып, жан-жақтылығымен танылып жүрген келіндер қатысып, бақтарын сынады. Аталған шараның шымылдығын облыстық мәслихат депутаты Пания Сармурзина мен Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Сара Ноғайқызы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Келіндер 4 кезең бойынша өнерлерін ортаға салып, сан қырлы талантымен көрермендерді таңдай қақтырды. Қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарын дайындап, аспаздық қабілетін танытты. Отбасылық өмірде кездесетін жағдайларға байланысты ситуациялық сұрақтарға жауап беру, келіндердің логикалық ойлау, тіл байлығы, мақал-мәтелдермен ұштастыра білуі бағаланды. Тосыннан түскен сұрақтарға арулар байсалдылықпен, даналықпен жауап берді.
Қызу өткен байқау нәтижесі бойынша «Жаңа заман келіні» номинациясымен Мұнайлы ауданынан Айдана Жарылғап, «Өнерпаз келін» номинациясымен Маңғыстау ауданынан Ақжүніс Нұрлыбекова марапатталды.
III орынды Маңғыстау ауданынан Мадина Қабидолла, II орынды Түпқараған ауданынан Аян Жеткізген, I орынды Мұнайлы ауданынан Гулдана Өскін иеленді. Ал Жаңаөзен қаласынан келген Айдана Андреева бас жүлде иегері атанды. Барша қатысушылар арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.