Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысы Полиция департаментінде “Полиция аруы-2023” байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқауда маңғыстаулық полицияның 10 аруы бақ сынасты. Қазылар алқасының төрағасы, полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аян Сабитұлы қатысушы қызметкерлерге сәттілік пен жеңіс тілеп, алғысөз сөйледі.
Нәзік жанды аяулы арулардың бар өнері мен таланты, сөз саптауы мен зерделілігі қатар сынға түскен бұл байқау 6 кезеңге бөлінді. Былайғы өмірде қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге ат салысып жүрген әйел полицейлер, бұл байқауда әділ қазылар алқасын сыңғырлаған әнімен, мың бұралған биімен, тіл үйірер астары және қолөнер бұйымдарымен тәнті қылды.
Байқау қорытындысы мерекеге орай ұйымдастырылған мерекелік кеште жарияланды. Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аян Дуйсембаев аруларға марапаттарын табыс етті. Бас жүлдені Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы полиция лейтенанты Салтанат Талапова иеленді. Жүлделі бірінші орынға полиция капитаны Жеңісбекқызы Бибісара, екінші орынға полиция майоры Қлаубаева Динара, үшінші орынға полиция лейтенанты Маусымжан Аллабиринова мен полиция кіші сержанты Ақбаян Досанова ие болды. Арулардың әрқайсысына сай номинациялар да өз иелерін тауып, одан бөлек барлық қатысушыға бірдей бағалы сыйлық қол сағаттар табысталды.
Сондай-ақ, облыстың бас полицейі құқық қорғау саласындағы қиын да ауыр қызмет жүгін арқалап жүрген нәзік жандыларға және ішкі істер органдары ардагер әйелдеріне құттықтау сөзін арнап, әрі қарай жеке құрамның әйел қызметкерлеріне мінсіз қызметтері үшін алғысын білдіріп, Ішкі істер министрінің және өз атынан марапаттарын табыстады. Ішкі істер органдарының ардагер әйелдеріне де ерекше ілтипатпен алғыс хаттар табыс етілді. Ішкі істер министрі құзырымен 14 маңғыстаулық әйел полицейлер марапатқа ие болды.
Шара әуезді әнмен жалғасын тауып, арнайы дайындалған мерекелік өнер көрсетулермен жалғасты.