«Отбасы институтын нығайту» бағыты бойынша әлеуметтік жобасын іске асырушы «Бала жолы» қоғамдық қоры биыл бірнеше іс-шара өткізді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында қордың директоры Таңат Жолдыбаев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Таңат Жолдыбаевтың айтуынша, жобаның мақсаты - Ақтау қаласында отбасы институтын нығайту және отбасылық мәселелердің алдын алуға бағытталған іс-шараларға кемінде 1 000 адамды тарту.
Спикер аталған жобаны жүзеге асыру үшін қоғамдық қордың міндеттерін атап өтті. Бірінші міндет бойынша— Ақтау қаласында қоғамдағы әкелер рөлін нығайту, әке мен баланың қарым-қатынасын жетілдіруге бағытталған ақпараттық жиын өткізілді.
- 2023 жылдан бастап елімізде «Әкелер күні» тойланып келеді. Осы орайда аталған жобаны іске асыру үшін қоғам мен жанұяның өзара байланысын нығайту, отбасы құндылықтарын насихаттау, сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлі мен оның маңызын, беделін айқындауды мақсат ететін форум ұйымдастырылды. Шарада ұрпақ тәрбиесінде әке тағылымы, ана қамқорлығы аса маңызды екенін баршаға ұғындырылды. Әке жауапкершілігі жөнінде әңгіме өрбіп, спикерлер ел болашағынан үміт күтер жасөспірімдердің алдындағы әкелік парызын адал өтеу жөнінде пікір алмасты, - деді Таңат Жолдыбаев.
Сондай-ақ Ақтау қаласы бойынша әлеуметтік осал топқа жататын аналардың қатысуымен республикаға танымал сарапшыларды тарта отырып, кездесу өтеді. Қазақстандағы осал отбасылар санатына бірінші кезекте көп балалы отбасыларды, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды жатқызуға болады. Жоба аясында осал топтағы аналармен кездесуге елге белгілі сарапшы-мамандар қатысып, қалалық деңгейде ауқымды екі күндік іс-шара ұйымдастырылды.
Үшінші міндет аясында қала әйелдерін өз ісін ашуға ынталандыруға бағытталған 4 бағытта (кондитер, шаштараз, тігін, бет әрлеу.) оффлайн шеберлік сабақтары өтіп жатыр.
Төртінші міндет тұрмыстық немесе зорлық-зомбылық көрген әйелдердің құқықтық және қаржылық, менталды сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды оффлайн оқу іс-шаралары қыркүйек айында өтеді.
Бесінші міндет бойынша Ақтау қаласының жасөспірімдері мен жастары арасындағы әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың (нашақорлық пен ойынқұмарлық, ерте жүктілік, суицид) алдын алуға бағытталған республикалық, халықаралық олимпиада, спорттық шаралардың жеңімпаздарын (оқушыларды) тарта отырып, іс-шара ұйымдастырылады.