Түпқараған аудандық сотына талап қоюшы «Жалғызтөбемұнай» ЖШС-гі жұмысшыларының ереуілін заңсыз деп тану туралы талаппен жүгінген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Түпқараған аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26 наурыз 2024 жылы «Жалғызтөбемұнай» ЖШС-гі жұмысшыларының өнеркесіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғау саласында даярлықтан және қайта даярлықтан өткізуді қамтамасыз ету мақсатында №1 вахта жұмысшыларына 2024 жылдың мамыр айының 16-17 аралығында, №2 вахта жұмысшыларына 02-03 аралығында осындай даярлықтан өтуге және білімін тексеруге мерзім айқындалған. Алайда, №2 вахта жұмысшылары өнеркесіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғау саласында даярлықтан және қайта даярлықтан, білімін тексеруге бармаған. Сол себепті жұмыс берушінің 2024 жылғы 10 мамырдағы бұйрығымен №2 вахта жұмысшыларын 2024 жылдың 15 мамырынан бастап жұмыстан шеттетілген. Аталған мекеменің жұмысшылары бұйрықпен келіспей, 15 мамыр күні сағат 16.40-тан бастап бұйрықтың күшін жоюды талап етіп, ереуілге шыққан және ереуілге шығатындары туралы сол күні хабарлаған.
Істі сотта қарау барысында «Жалғызтөбемұнай» ЖШС-нің жұмысшылары ереуіл өткізу кезінде Еңбек Кодексінің еңбек дауларын реттеу туралы 16-тарауының талаптарын бұзғандары анықталды.
«Атап айтқанда, жұмысшылармен «Жалғызтөбемұнай» ЖШС-нің атына ереуіл өткізу уақыты, ұзақтығы, қатысушылардың болжамды саны және орындалатын қажетті жұмыстары жөнінде ұсыныстары, ереуіл өткізуге негіз болған келіспеушіліктерінің тізбесі көрсетілмеген. Сонымен қатар, ереуіл қауіпті салдармен байланысты болатын қауіпті өндірістік объектілерде, адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіретін жағдайларда өткізілген.
Одан басқа, ереуілшілер заңмен көзделген татуласу рәсімдерінен өтуден бас тартқан.
Сот шешімімен «Жалғызтөбемұнай» ЖШС-нің талап қоюы қанағаттандырылып, жұмысшыларының ереуілі заңсыз деп танылды”, деп жазылған соттың таратқан ақпаратында.
Сот шешімі жарияланғаннан кейін тараптарға түсіндірілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.