1 маусым мен 31 тамыз аралығы Маңғыстау облысындағы республикалық маңызға ие автомобиль жолдарында жүктемесі 8 тоннадан асатын көліктердің жүруіне уақытша шектеулер енгізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Сала министрлігімен бекітілген құжатта ауа температурасы 25 градус нолден жоғары болған жағдайда күндізгі сағат 10.00-ден бастап кешкі 22.00-ге дейінгі аралықта ауыр жүк көліктері қозғалысына уақытша шектеулер енгізілетіні көрсетілген» - дейді «Қажсервис» мекемесінің бөлім бастығы Ерлан Биялиев.
Айта кетейік, Маңғыстау жолдарында ұлттық жол сапа орталығы, көліктік бақылау инспекциясы және полиция қызметкерлерімен бірлескен бақылау шаралары жүріп жатыр.
Биыл қаңтар-сәуір айлары жылжымалы бекеттерде ауыр салмақты және ірі көлемді жүк тасымалы бойынша заңбұзушылық жасағаны үшін 73 тасымалдаушыға әкімшілік іс қозғалды. Кінәлі тұлғаларға 15 млн 654 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ 2023 жылдың қорытындысында 711 жүк көлігі тексеріліп, 244 әкімшілік іс рәсімделді. Барлығы 13 млн 567 мың теңге айыппұл салынды.