
Ақтаудағы 4 «а» шағынаудандағы теңіз жағалауынан шамамен 150-200 метр қашықтықта екі жасөспірім Sup-борд тақтайшасымен суда жүземін деп, желдің күшімен жағадан алыстап кеткен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2005 жылы туған азамат жағаға өз күшімен жеткен. Өңірдің ТЖД-нің құтқару қызметкерлері теңізде қалып қойған екінші жігітті құтқарған.
- «Аталған азаматтардың денсаулық жағдайлары жақсы, медициналық көмек қажет етілмеді», - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Құтқарушылар қала тұрғындарына желдің екпіні секундына 9-10 метр болған уақытта жүзу құралдарымен теңізге шықпауға кеңес береді.