Көлік министрлігі Автомобиль жолдары Комитетіне қарасты “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” республикалық-мемлекеттік кәсіпорны Маңғыстау облыстық филиалының ұжымы республикалық “Таза Қазақстан” акциясына өз үлесін қосты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жол инженерлері мен зертханашылары Ақтау қаласынан Құрық елдімекеніне баратын тас жолдың жиегін тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартты. Жиналған қоқыстар қапшықтарға салынып, жүк көлігімен арнайы полигонға жеткізілді.
«Біздің мекеме мамандары облыс көлеміндегі көлік жолдарының жай-күйін бақылауға жауапты. Күнделікті қызмет барысында жолда кездескен қоқыстарды жинастырып, қоқыс жәшіктеріне салып кетеміз. Болмаса бір жерге жинап, жолдың сол бөлігіне жауапты мердігер мекемеге хабарлаймыз. Өкінішке қарай, кейбір көлік жүргізушілері мен жолаушылар сусыннан босаған бөтелке, тағам қалдықтары мен гигиеналық заттарды көлік терезесінен далаға лақтырып кетеді. Осы орайда тазалық мәдениетін қалыптастыру өзімізден басталарын айтып, өңір халқын табиғатты аялауға шақырамын» - дейді бірінші санаттағы жол инженері Гүлзира Керімбаева.
Айта кетсек, сенбілік 20-21 сәуір күндерін қамтыды. Игі шараға “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы және “Қажсервис” серіктестігінің Маңғыстау облысы бойынша филиал қызметкерлері де белсене атсалысты. Бұл мекемелер көлік жолдарының құрылысы мен олардың күтіміне жауапты.