Бүгін облыс орталығында «Жомарт жан 2023» іс-шарасы өтті. Жиын барысыда «Жомарт жүрек» атағына лайықтылар анықталып, жылдың «үздік қамқоршысы» марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Жылдың үздік қамқоршысы» аталымы бойынша Сәрсенбай Абдулаев, Гульмира Тойлыбековна және «Кенсары» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі марапатталды.
Сәрсенбай Абдулаев – «Салют и К» ЖШС басшысы. Серіктестік салған сауда объектілері ақтаулық кәсіпкерлер үшін 1000-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген. Жеке кәсіпкер «Қарулы Күштер Ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысы филиалы төрағасының штаттан тыс орынбасары қызметін де атқарады. Сондай-ақ ол – Каратэ-до (Шотокан) Орталық Азия федерациясының президенті және Вице-президенті. Кәсіпкер Сәрсенбай Абулаев қазақстандық каратэ-до мектебінің дамуына қолдау көрсетіп, қаржыландырып келеді.
Ал «Кенсары» ЖШС – Сайөтес ауылы бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің «Маңғыстау жылу-су» мекемесімен келісім-шартқа отырған 11 отбасыға демеушілік арқылы жылыту пешін алып берген. Сондай-ақ осы ауылдағы көппәтерлі үйлерінің алдындағы кәріз су құдығына тазарту жұмыстарын жүргізді. Серіктестік бұл ауылға 800 шаршы метр ашық футбол алаңы мен көлемі 60 шаршы метр болатын воркоут спорттық ойын алаңын орнатты.
Кулмаганбетова Гульмира Тойлыбековна — «Жанель» жекеменшік балабақшасының директоры. Ол Жаңаөзендегі «Мектепке жол» акциясына үлес қосып, оқушыларды мектеп формасымен және құрал жабдықтарымен қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткен «Әр бала жұлдыз», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында ерекше балалардың қатысуымен өткен «Жұлдызым жарқыра» гала-концертіне демеуші болды. Сондай-ақ Республика көлемінде өткен «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубы командасынаның сахналық костюмдерін алып беруге де жәрдемдескен.
«Жомарт жүрек» сыйлығы биыл бесінші рет өткізілуде. Жыл бойы ізгі істермен айналысқандар бүгін бес аталым бойынша үздік деп танылды.