Ақтауда “Жомарт жүрек” сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімі өтіп, үздік ұйымдар анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жылдың үздік ұйымы аталымы бойынша «Ана махаббаты» қоғамдық қоры, басшысы Салтанат Айжанақова марапатталды. Қоғамдық қор тіркелгеннен бері облыс бойынша 2 қала, 5 аудандағы 959 ерекше және мүмкіндігі шектеулі 35 жасқа дейінгі балалар мен жастарға қызмет көрсетуде. Балаларға арналған барлық мерекелік шаралар тегін ұйымдастырылады. «Мектепке жол» акциясына тұрақты қатысып келеді. Ерекше күтімді қажет ететін 18 жастан асқан 4 баланы жұмысқа орналастырылған.
Дәл осы марапатты алған тағы бір ұйым - «Риза -Ана» қоғамдық қоры.
Қор директоры Бибігүл Рамазанова қиын жағдайға тап болған отбасылардың, сарбаздардың, сарбаздар аналарының мүддесін қорғап, емге мұқтаж науқастардың жағдайын жақсарту үшін жергілікті атқарушы биліктің, кәсіпкерлердің, азаматтардың қолдауымен көптеген мұқтаж жандарға көмек ұйымдастырып келеді. Есту, сөйлеу қабілетінен айырылған жастарды әр түрлі мамандыққа үйретіп, қоғаммен арасаласуға мүмкіндік жасап жұмыспен қамтып отыр.Өңірдегі қайырымдылық, мәдени шараларға атсалысып келеді.
Үшінші ұйым - «Біз спорт үшін, есірткіге қарсымыз» қоғамдық қоры, басшысы - Роман Уразимбетов.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ» атты жасөспірімдер арасында, және ардагерлер арасында дзюдодан, еркін күрестен қалалық, облыстық ашық турнирлер, облыстық мини футболдан қайырымдылық жарысы, 18-35 жас аралығындағы спортшылармен ұлттық ойындардың 5 түрінен жарыс, балалар мен ересектер арасында «Kaspy Chess» шахмат турнирлерін өткізіп келеді. «Біз есірткіге қарсымыз» ұранымен ауыр атлетика және армрестлингтен қалалық жастары арасындағы жарысты өткізді.