Маңғыстау өңірінде биыл 6 ай ішінде жіті ішек ауруларының тобына жататын 59 жағдай тіркеліп, 100 мың халық санына шаққандағы көрсеткіші 7,40 болды. 2023 жылмен салыстырғанда ауру деңгейі 9 жағдайға төмендеген, - дейді mangystaumedia.kz сайты.
Барлық тіркелген аурудың 27,1 %-ы - 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев айтты. Оның айтуынша, адам ағзасына ішек инфекцияларының қоздырғыштары лас сумен немесе ластанған тамақ түрлерімен, ыдыс-аяқ, ойыншықтар арқылы түседі.
- Жаз жұқпалы аурулардың кең тарайтын маусымы. Жаз басталысымен жедел ішек ауруларына шалдығу мен тамақтан улану жағдайлары күрт өседі. Жұқпалы ауруларды тудырғыш микроорганизмдер лас жерде тез көбейіп, ауруды тез таратады. Жедел ішек инфекциялары - жеке гигиена шараларын сақтамаған кезде жұғады. Ауру белгілері – жиі іш өту, құсу, асқа тәбетінің болмауы, дене қызуының көтерілуі, әлсізденуі. Ауруға негізінен балалар көп шалдығады, ауруға шалдыққандардың 80% - ы - жас балалар,- деді Бердібек Саралтаев.
Сонымен қатар жұқпалы ішек ауруының алдын –алу жолдарының бірі- гигиеналық тазалықты сақтау, ішуге тек таза немесе қайнаған суды пайдалану, тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтап, уақытымен пайдалану, тағамдарды реттелмеген сауда орындарынан сатып алмау қажет. Атап өтейік, жедел ішек ауруларының алғашқы белгілері байқалса, шұғыл түрде медицина қызметкерлерімен хабарласу қажет. Медицина қызметкерлері келгенше көп мөлшерде сұйықтық ішу қажет. Ең тиімдісі регидронды пайдалану, сондай-ақ, қайнаған су, қара шай, қайнатылған күріш суын ішу қажет.