© Lisa.md
Бұл туралы облыстық прокуратура қызметкерлері жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың қатысуымен өткен алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыста тау-кен өндірумен 258 кәсіпорын айналысса, оның 40 %-ында кемшіліктер анықталған.
Заңбұзушылықтардың қатарында мемлекеттік қордың жерлерінде құм-қиыршық тас қоспасын өндіру жағдайлары атап өтілді.
Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың өндіру туралы жыл сайынғы есептерді ұсынбаудың - 12, жалпы ауданы 512 гектар карьерді рекультивациялау жөніндегі келісімшарттардың талаптарын орындамаудың 42 фактісі тіркелді. Лицензиялық және келісім-шарттық аумақтардың шекарасын сақтамаудың 78 фактісі анықталып, бұзушылықтар көлемі 100 гектарды құрады.
– Келісімшарт бойынша әрбір жер қойнауын пайдаланушыға белгілі бір аумақ бекітілген. Бұзушылықтар жекелеген жер қойнауын пайдаланушылардың аумақтарды басып алуына байланысты орын алуда.
Осы фактілер бойынша уәкілетті органдарға ұсыныс енгіземіз, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – дейді Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма басшысы Мерген Меңдіғалиев.
Жалпы, жер қойнауын пайдаланушылар жалпы сомасы 400 миллион теңгеден астам қаржылық міндеттемелерін орындай алмаған.